Іле ауданында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік басқосуда заман талабына сай ел медицинасының дамуы мен азаматтардың денсаулығын жақсарту жолында тер төккен аймақтың ақ халатты абзал жандарына құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиын облыстағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы бейнекөрініспен басталды. Ондағы деректерге сүйенсек, аймақтағы медициналық мекемелерде 3000-нан аса дәрігер мен 10000-ға жуық орта медицина қызметкері еңбек етеді. Өңірде 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде 20 дәрігерлік және 127 фельдшерлік бригада бар. Алматы облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 38 медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Сонымен қоса медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 347 бірлік заманауи медициналық техника сатып алынған.

Ақ халатты абзал жандардың баға жетпес еңбегін насихаттауды мақсат еткен жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев барша жиналған медицина қызметкерлерін құттықтады. «Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде өңірдің денсаулық сақтау саласы нақты нәтижелерге қол жеткізді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәресте шетінеуі 25,5%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздерге халық денсаулығын сақтау жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін» – деді Іле ауданындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Ізінше аймақ басшысы елеулі еңбегімен үлгі бола білген, адал атқарған қызметімен үздік деп танылған дәрігерлер мен медицина саласындағы түрлі мамандарға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыстады. Балқаш аудандық орталық ауруханасының неонатолог дәрігері Қарлығаш Тәжібаева мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері Зорям Юсуповаға «Құрмет» ордені табысталды. Сонымен қоса «Үздік стационар дәрігері», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» сынды 12 номинация бойынша осы жылдың ең үздік медицина қызметкерлеріне арнайы ақшалай ақшалай сертификаттар берілді. Денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді.

Сонымен қоса, елеулі еңбек еткен емдеу қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілеріне ие болды. Осылайша, «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бағаланды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Айтулы күн аясында өңірдің жедел медициналық жәрдем станциясына 70 жаңа санитариялық автокөліктің кілті табысталды. Өз кезегінде Марат Елеусізұлы жаңа санитариялық автокөліктердің жағдайымен танысты. Жаңа техникалар 2025 жылы лизинг шарты негізінде сатып алынған. Оның ішінде 30-ы «С» класындағы реанимобиль, ал 40-ы «В» класындағы санитариялық автокөлік. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген. Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға беріледі. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, автопаркті жаңарту тұрғындарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. «Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жаңа санитариялық автокөліктер шалғай елді мекендерге дер кезінде жетуге, шақыртуларға жедел әрекет етуге және медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл – ана тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс» – деді Ержан Сүлейменов.

Ерзат АСЫЛ
Іле ауданы
