Перейти к содержимому
Главная страница » Мемлекеттік рәміздерге құрмет – заң мен тәртіптің айқын көрінісі

Мемлекеттік рәміздерге құрмет – заң мен тәртіптің айқын көрінісі

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның егемендігі мен біртұтастығын айқындайтын қасиетті құндылықтар. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн – халқымыздың тарихын, мәдениетін, ұлттық рухын және болашаққа деген сенімін бейнелейтін басты нышандар. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және оларды заң талаптарына сәйкес пайдалануға міндетті. Өйткені мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – Отанға, елге және мемлекеттік құндылықтарға деген құрметтің белгісі.

Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік рәміздер мемлекетіміздің маңызды белгілері ретінде бекітілген. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңында және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысында оларды пайдалану тәртібі нақты айқындалған.

Мемлекеттік Ту мен Елтаңба мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында белгіленген тәртіппен орналастырылуы тиіс. Мемлекеттік Гимн ресми іс-шараларда орындалған кезде қатысушылар орнынан тұрып, оған құрмет көрсетуге міндетті. Сонымен қатар рәміздерді жарнамалық мақсатта, олардың беделіне нұқсан келтіретін түрде немесе заң талаптарына қайшы пайдалануға жол берілмейді.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану талаптарын бұзу заңмен жауапкершілікке әкеп соғады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабына сәйкес мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзу, оларды орналастыру және қолдану жөніндегі талаптарды сақтамау әкімшілік жауапкершілікке негіз болады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады. Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны немесе Мемлекеттік Гимнді жария түрде қорлаған адамдарға айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Сондықтан мемлекеттік рәміздерді пайдалану барысында әрбір азамат пен ұйым заң талаптарын қатаң сақтауы қажет. Әсіресе мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналастырылуына, олардың техникалық талаптарға сәйкестігіне және лайықты жағдайда сақталуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мақтанышы, елдігіміздің символы. Оларды құрметтеу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғамда мемлекеттік рәміздердің мәртебесі әрдайым биік болып, олардың қадір-қасиеті қастерленуі тиіс.  

Қоқымбаева Жамила Оразақынқызы

Райымбек ауданының «Ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы