Перейти к содержимому
Главная страница » Өнімдерге тұрақты сұраныс артып келеді

Өнімдерге тұрақты сұраныс артып келеді

«SOZO» ЖШС-нің өндіріс жолы бірден басталған жоқ. Бастапқыда компания тамақ өнімдерінің дистрибуциясымен айналысты, бірақ уақыт өте келе жеке өндірісті дамыту қажеттілігі туындады. Осылайша, 2022 жылдың қаңтар айында өндіріс іске қосылды. Негізін қалаушы – Ринат Қалидолдин.
Өндірістің қалыптасуы күрделі кезеңге тұс келді. Іске қосылғаннан кейін көп ұзамай 2022 жылғы «қаңтар оқиғасы» орын алып, кәсіпорын жұмысы уақытша тоқтатылды. Содан кейін Украинадағы қақтығысқа байланысты жаһандық өзгерістер басталып, бұл валюта бағамы мен шикізат құнына әсер етті. Ең ауыр сынақтардың бірі 2022 жылдың жазындағы қант тапшылығы болды, өйткені ол өнімнің негізгі ингредиенті еді. Сол уақытта қажетті көлемде сатып алу өте қиынға соқты. Дегенмен, барлық қиындықтарға қарамастан, жұмысты тұрақтандырып, өндіріс көлемін қалпына келтіру мүмкін болды.
Бүгінгі таңда кәсіпорын қоюлатылған өнімдер мен қаймақ және сүзбе өнімдерін шығарады.
Компания қазірдің өзінде экспортты жүзеге асыруда, бірақ оның көлемі валюта бағамының ауытқуына тікелей байланысты. Негізгі жеткізу бағыттары — Қырғызстан, Өзбекстан және Түркменстан. Бұл елдерде «SOZO» брендімен шығатын өнімдерге тұрақты сұраныс бар.
«Біз ассортиментті біртіндеп кеңейтіп, көлемді ұлғайтып жатырмыз. Маржаның салыстырмалы түрде төмендігіне қарамастан, тамақ өнімдері нарығы тұрақты әрі сұранысқа ие болып қала беретінін түсінеміз», – дейді кәсіпорын иесі.
Даму барысында компания «Даму» қорынан қолдау тауып, бұл бизнестің позициясын нығайтуға мүмкіндік берді. 2025 жылдың соңына қарай компания «Өрлеу» жеңілдікпен несие беру бағдарламасы аясында дамуын жалғастырды. «Forte Bank» АҚ арқылы 12,6%-бен қаржыландыру тартылып, ол қызметті кеңейтуге және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталды.
«SOZO» ЖШС-нің жоспарында – сатып алынған өндірістік алаңдарды кезең-кезеңімен қайта жаңарту, жаңа жабдықтар сатып алу және өнім түрлерін одан әрі көбейту.