Алатау қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрмыстық қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағытта Алатау қаласының Отбасын қолдау орталығымен бірлесе отырып бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, оларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Мамандар тарапынан отбасылармен жеке кездесулер өткізіліп, отбасылық жанжалдардың алдын алу, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту мәселелері бойынша кеңестер берілуде. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға қажетті қолдау көрсетіліп, олардың құқықтары түсіндіріліп келеді.
Отбасын қолдау орталығының психологтары мен әлеуметтік қызметкерлері қиын жағдайдағы азаматтардың психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған консультациялар өткізіп, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесуде. Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Сондықтан әрбір отбасының әл-ауқатын арттыру, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу және қауіпсіз отбасылық ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар Алатау қаласында алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
