Жаз мезгілі басталып, күннің ысуына байланысты өзен-көл жағалауларында демалушылар қатары көбейеді. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер, кей жағдайда ересектер де шомылуға арналмаған орындарға түсіп, өз өмірлеріне қауіп төндіріп жатады. Сондықтан судағы қауіпсіздік мәселесі жыл сайын өзекті болып қала береді.
Осыған байланысты Есік қаласы әкімі аппаратының қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бірлесіп, қала аумағындағы өзен жағалауларында рейдтік-профилактикалық іс-шара өткізді. Рейд барысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылуға рұқсат етілмеген және адам өміріне қауіп төндіретін аумақтар тексерілді.
Іс-шара нәтижесінде қауіпті аймақтарға ескерту белгілері орнатылып, тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстардың басты мақсаты – жазатайым оқиғалардың алдын алып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
Қала әкімдігі тұрғындарды өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, балаларды қараусыз қалдырмауға және тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
