Перейти к содержимому
Главная страница » ПРЕЗИДЕНТ САПАРЫ: ІС ПЕН НӘТИЖЕ

ПРЕЗИДЕНТ САПАРЫ: ІС ПЕН НӘТИЖЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сейсенбіде Алматы облысына жасаған іссапарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері паш етіліп, аймақтың алдағы мақсат-міндеті мен бағыт-бағдары белгіленді. Осымен екінші мәрте облысқа арнайылап аяқ басқан Президентке өңірдің даму динамикасымен бірге Қонаев, Алатау қалаларының да жоба-жоспары таныстырылды. Президенттің төрағалығымен Қонаев қаласында өткен ауқымды кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, көршілес Алматы қаласының, Жетісу облысының әкімдері Дархан Сатыбалды мен Бейбіт Исабаев шақырылды. Аймақтың аяқ алысымен жете танысқан Мемлекет басшысы жиыннан кейін өзі баяндама жасап, өңір жетекшісі Марат Сұлтанғазиевтің еңбегіне жоғары баға берді. Облыс активімен кездесу аяқталған соң Президент еңбекпен шыңдалған бір топ азаматты марапаттап, облыс аумағындағы маңызды нысандарға ат басын бұрды.

Президент облыс әкімдігінде өткен кездесуде ең алдымен Алатау қаласының бүгіні мен болашағы жайындағы мәлі­мет­термен танысты. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың да есебі тыңдалды. Одан кейінгі кезек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке ұсынылды. Аймақ басшысы Президент алдында облыс бөлініп, орталығы Қонаев қаласына көшірілгеннен кейін қол жеткізілген негізгі әлеуметтік-экономикалық жетіс­тіктерді баяндады. Марат Елеусізұлы Конституциялық реформалардың жүзеге асуы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының нәтижесі, «Заң мен тәртіп» қағидатының тиімділігі, Алатау қаласының дамуы, экономика, өнеркәсіп, инвестиция, ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылым бағыттары бойынша ат­­қарылған жұмыстарға кеңінен тоқтал­ды. Кіріспе сөзін: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Алатау баурайына, берекелі Алматы облысына қош келдіңіз! Сапарыңыз біз үшін үлкен мәртебе», – деп бастаған облыс әкімі жаңа Ата Заңның артықшылықтарын, «Таза Қазақстан» экологиялық бағ­дарламасының игілік­терін атап өтті. «Таза Қазақстан» бағдар­ламасы бойын­ша облыста тәлімбақтар жұмысы жолға қойылғанын, нәтижесін­де, алғаш рет жас көшеттерді шетелге экспорттау басталғанын баса айтты. Бұдан ары қарайғы сөзінде әкім Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде облыста қылмыс деңгейі 14 пайызға төмендегенін жеткізді.
Облыс басшысы мәртебесі Ата Заң­мен белгіленген Алатау қаласының даму баспалдағы көңіл тоғайтатынын, соңғы уақытта инвестиция көлемі үш есеге өсіп, 116 млрд теңгені құрағанын сөз етті. Ал облыс экономикасында өңірлік өнім екі есеге ұлғайған. Нәтижесінде Алматы облы­сы республикада бесінші орынға тұрақ­таған. «Аймақ экономикасының бас­ты ерекшелігі жекелеген жүйе құраушы ірі кәсіпорындарға тәуелді еместігінде! Экономикамыз әртараптандырылған. Жалпы өңірлік өнімнің салалық құрылымы теңгерімді сипат алып, экономиканың үйлесімді моделін қалыптастырып келеді. Экономикалық ілгерілеу демографиялық серпінге де жол ашты, қысқа мерзім ішінде өңір халқының саны 90 мың адамға артты. Экономиканың негізгі қозғаушы күші – өнеркәсіп. Аталмыш салада 74 мыңға жуық адам еңбек етеді, бұл – жұмыспен қамтылғандардың 10 пайызы. Облыс бөлінгеннен бері өндіріс көлемі 1,6 есеге өсіп, өңір еліміздің же­текші индустриялық орталықтарының біріне айналды. Өнеркәсіптің 88 пайыздан астамы өңдеуші секторға тиесілі. Аймақ терең өңделген өнімдер өндірісі, тамақ өнеркәсібі және фарминдустрияда көш бастап тұр. Өңірдің экспорттық қау­қары да еселенді. Сыртқа шығарылған тауар көлемі екі есеге артып, 1,1 млрд долларға жетті. Бүгінде облыстың 49 кәсіпорны сыртқы нарыққа шығып отыр. Тауарларымыз әлемнің 60 еліне жөнел­тіледі», – деді облыс басшысы.
Президентке ауыл шаруашылығы, отандық өнімдер, инвестициялық жо­балар, өнеркәсіп саласының дамуы, ин­дустриалдық аймақтар жайында баян­далды. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығының өңделген өнім экспорты импорттан асып түсіп, көп жылғы үрдіс алғаш рет оң өзгеріс көр­сеткен. Осы тұста халықаралық нарық­та жоғары сұранысқа ие болған «Шин-Лайн» компаниясын ерекше атап өте аламыз. Бұл ретте балмұздақ бойын­ша Қазақстан экспорты импорттан асып түскен. Аймақта қалыптасқан жергілікті брендтер жайлы «Made in Алматы облысы» апталық жобасы «Qonaev Media» телеарнасында көрсетіліп отыратынын айта кету маңызды.
Марат Елеусізұлының мәлімдеуін­­ше, өңірдің экспорттық қауқары да артып келеді. Сыртқа шығарылған тауар көлемі екі есеге көбейген. Бүгінде облыстың 49 кәсіпорны сыртқы нарыққа шығып отыр. Тауарлар әлемнің 60 еліне жөнел­тіледі. Ал ауыл шаруашылығының өңделген өнім экспорты импорттан асып түсіп, көп жылғы үрдіс алғаш рет оң өзгеріс көрсетті. Бүгінде өңірде 120 инвестициялық жоба кеңейтіліп, табыс­ты жүзеге асырылған. Биыл тағы 100 жобаны іске қосу жоспарлануда. Ал индус­триялық аймақтар облыс дамуының негізгі құралдарының біріне айналды. Қазіргі уақытта «Береке» және «Қайрат» индустриялық аймақтарында жалпы инвестиция көлемі 194 млрд теңгені құрайтын 26 кәсіпорын орналасқан. Олардан бюджетке 9 млрд теңге салық түскен. Бұдан бөлек, жалпы құны 663 млрд теңгені құрайтын жаңа жобалар пысықталуда. Аймақ басшысы өңірдің логистикалық әлеуетіне де тоқталып өтті. Айтуынша, соңғы төрт жылда жоғары санатты қойма инфрақұрылымы­ның аумағы 327 мың шаршы метрге жетіп, 44 есеге ұлғайған. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш.
Келесі кезекте Марат Елеусізұлы азық-түлік қауіпсіздігі, су үнемдеу технологиясы, игерілмей жатқан жерді қайтарып, игілігін көру турасында айтты. Мәлімдеуінше, облыс Алматы мегаполисінің азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етіп, өндіріс көлемі бойынша елімізде үздік бестікке кіреді. Бұл сала­да мемлекеттік қолдауға қайтарым өте жоғары екенін, субсидияның 1 теңгесіне 21 теңгенің өнімі шығарылатынын баса айтқан жөн.
– Шағын және орта бизнес саласы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Соның ішін­де туризм саласы ауылдық аймақтар үшін негізгі табыс көзіне айналған. Облыста туристер ағыны екі есеге артты. Мысалы, Көлсай – ішкі нарықты дамытудың айқын мысалы. Өткен жылы Көлсайға 600 мыңға жуық адам келді. Орташа баға мұнда 10 мың теңге деп санасақ, бұл жергілікті бизнес пен тұрғындарға 6 млрд теңге тікелей табыс әкелді. Ал жылдың төрт мезгілінде жұмыс істейтін «Ойқарағай» тау курортында тек қысқы маусымда 400 мың адам демалған. Бұдан бөлек, Шонжыдағы ыстық су көздеріне маусым кезінде аптасына 10 мыңға дейін турист ат басын бұрады. Сонымен қатар этно стильдегі қонақүйлер – киіз үйлер желісі кеңейіп келеді. Мысалы, Райымбек ауданында қазірдің өзінде 203 киіз үй қонақ қабылдап жатыр, – деді Марат Елеусізұлы.
Облыс әкімінің баяндамасында тұр­ғын­дар табысы, инфрақұрылым, құрылыс жайы да сөз болды. Мәселен, облыс­та халықтың жан басына шаққандағы номиналды табысы мен орташа жалақысы 1,4 есеге артқан. Өз кезегінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар 2,9 есеге азайған. «Инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Нормативтік деңгейдегі жолдардың үлесі 95%-ға жетті. 3,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезекте тұрған 7,7 мың адам баспанамен қамтылды, оның ішінде 3,8 мың азамат – әлеуметтік осал топтағылар. Сонымен қатар 100-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. 51 денсаулық сақтау мекемесі, 48 мектеп, 9 Мәдениет үйі және 7 спорт нысаны салынды. Жылдың соңына дейін қосымша 165 инфрақұрылым мен жаңа нысандар бой көтереді. Оның ішінде 9 мектептің құрылысы жоспарлануда. Бұдан бөлек, Алматы қаласымен қаржы­ландыру тетігі арқылы радиалды жол­дарды салу бойынша келісімге қол жеткізілді», – деген аймақ жетекшісі Пре­зиденттің қолдауымен Үкімет резерві есебінен Қонаев қаласында 6 әкімшілік ғимараттың құрылысы басталғанын, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен драма театры құрылысын «Самұрық-Қазына» қоры қолға алғанын сүйіншіледі.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аймақ дамуына өз үлесін қосуға ниет білдірген кәсіпкерлердің қолдауымен Достық үйінің капсуласы салынды. Жаңа ғимаратта этномәдени бірлестіктер орналасып, үкіметтік емес ұйымдардың кеңестері өткізіледі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңа кәріз-тазарту құрылысы басталды. Қалған нысандар бойынша Үкіметпен бірлескен жұмыс атқарылуда. «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­циясы қытайлық инвесторлармен бірлесіп тұрғын үй кешендерін салуда. Сондай-ақ халықаралық «Marriott» қонақүй кешенінің құрылысы, «Freedom» компаниясының қолдауымен абат­тандырылған жағажай, «Жібек жолы» компаниясымен жағалаудағы туристік кластерді кеңейту жұмыстары қолға алынды. Жалпы өткен жылы Қапшағай жағалауында 1,8 млн адамды қабылдадық, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бүгінде Алматы облысы жергілікті бюджет түсімдері бойынша дотациялық өңірлер арасында 1-орында. Кіріс көлемі 2,5 есеге өскен. Бұған қоса облыстағы донор аудандар саны 2-ден 7-ге көтеріл­ген. Нәтижесінде, республикалық бюд­жетке тәуелділік 33-тен 13 пайызға дейін төмендеген. Мәселен, салыстырмалы түрде айтсақ, республикалық бюджетке Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Жетісу облыстары 70-80 пайыздан жоғары көлемде тәуелді болып отыр. Президентке бұл туралы да кеңінен айтылды.
Баяндамада облыс аумағында Нью-Йорк киноакадемиясының фи­л­иалы ашыл­ғаны, әлемдік деңгейдегі кино­павильон құры­лысы жүріп жатқаны, SDU университетінің ауқымы кеңейті­ліп, қосымша 1100 студент қабылдауға мүмкіндік туғаны жайлы да ақпарат ұсынылды. «Дарынды жастарды қолдау мақсатында «Болашақ» бағдарламасының үлгісіндегі «Алатау дарыны» өңірлік жобасы аясында 57 студентіміз Қытай­дың жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алуда, биыл тағы 65 түлек жібе­ріледі», – деген облыс әкімі баяндама соңында өңірдің әлеуетін толық ашуға және ауқымды жобаларды жүзеге асыру­ға жол ашқан сенімі мен жан-жақты қол­дауы үшін Президентке облыс тұрғын­­дары атынан шынайы алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің даму қарқынын жоғары бағалап, Марат Сұлтанғазиевтің елеулі еңбегін ерекше атап өтті. «Бәріңізге мәлім, биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 4 жыл толады. Шаһарда ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретінде қалыптасуда. Бұл – әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі. Жалпы, Алматы облысының өсіп-өркендеуі үшін барлық мүмкіндік бар. Өңірге инвесторлар назар аудара бастады. Қонаев пен Алатау қалаларының дамуы аймақтың көркеюіне зор серпін бермек. Біз күш-жігерімізді біріктіріп, белсенді жұмыс істесек, барлық мақсатқа жетеміз», – деді Президент.
Кеңес соңынан Мемлекет басшысы еңбекпен шыңдалып, өз саласында абыройға кенелген іскер мамандарды марапаттады. Олардың барлығы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, биік белесті бағындырған қарапайым еңбек адамдары, малшылар, жұмысшылар, диірменшілер, өнер мен білім, денсаулық саласының қыз­меткерлері. Қарасай ауданындағы «Алтын таға» ЖШС зертханашысы Вера Бондарева, «Алматыоблсушар» маманы Жеңісбек Бейсембаев, «Сүйінбай сазы» ансамблінің аспапшысы Арыстанбек Ердәулетов, Жамбыл аудандық ауруха­насының дәрігері Гүлнар Болатқызы, Ю.Гагарин атындағы №8 мектептің мұғалімі Светлана Сагайдак, Талғар ауданындағы «Лукоморье» тәлімбағының директоры, «Шин Лайн» ЖШС тең құрылтайшысы Наталья Шин, «Keruen Plus» ЖШС директоры Эроглу Мустафа Сыткы Президент қолынан «Құрмет» орденін иеленсе, «Glasman» ЖШС тех­нологы Елдана Әбдірахманова, «Бент» ЖШС жұмысшысы Сұлтанмұрат Алаев, «Алатау жарық компаниясы» АҚ электромонтері Талғат Омарұлы, «Агрофирма «Dinara Ranch» ЖШС малшысы, балқаштық Мырзабай Байбеков, «Жартас-СН» ЖШС шебері Самат Жұмаханұлы, Қонаев қалалық ауруханасының дәрігері Валентина Кошелева, «Компания Строй Индустрия» ЖШС жұмысшысы Бағдат Қарқабатов, Еңбекшіқазақ ауданындағы Қ.Орымбетов атындағы орта мектеп мұғалімі Айжан Асылханқызы, «Жібек жолы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің домбырашысы Ғалымжан Секербеков, «Алматы жолдары» ЖШС Шонжы филиалының жұмысшысы Мақсат Тезеков, «Азия агро-фуд» ЖШС диірменшісі Нұрлан Төлеев «Ерен еңбегі үшін» медалін кеуделеріне тақты. Бұдан бөлек тағы облыстағы бірнеше ірі кәсіпорын басшылары Президенттің Алғысына ие болды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР