Жамбыл ауданынның Шилібастау ауылында медициналық қосын іске қосылды. Шалғайдағы шағын елдімекеннің шырайын кіргізген жаңа нысанның ашылу салтанатына сала басшылары, жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері, мәслихат депутаттары келіп, тұрғындар қуанышына ортақтасты.
Бұл күні ауылдың жас-кәрісі үшін ерекше есте қалар күн болды. Өйткені халыққа медициналық қызмет көрсететін арнайы заманауи орын салынып, ел игілігіне ұсынылды. Бұған шилібастаулықтардың қуанышында шек жоқ. Алыс ауылда тұратындар мемлекеттің жасап отырған қамқорлығына дән риза. Мұны көпшілік алдында сөз алған осы аймақтың ел сыйлаған беделді азаматы, әрі қадірменді қариясы, белгілі кәсіпкер, «Жартас СН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Марат Мырзағалиұлы білдірді.
Салтанатты жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас Шилібастау ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ашылуымен құттықтап, өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстан көпшілікті хабардар етті. Ғимарат құрылысын жүгізген мердігер ұйым – «Батыс Монтаж» ЖШС-нің жоба жетекшісі Асхат Құрманғалиев нысанның нышан кілтін дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Бауыржан Мырзахметовке тапсырды. Ауыл ақсақалы Орал Құмарқұлұлы игі іске ақ батасын берді. Құрметті қонақтардың қатысуымен лента қию рәсімі орындалып, әжелер шашу шашты.
Келген көпшілік ішін аралап көріп, ендігі жерде ауыл тұрғындары талапқа сай жаңа емдеу орнында қызмет алатынына көз жеткізді. Шараға сондай-ақ аудандық орталық аурухананың директоры Дархан Сыбанқұлов, Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Мадияр Мұқашев қатысты. Аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері Шилібастаудағы шаттықты әнмен әрледі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Шилібастау ауылы,
Жамбыл ауданы
