Перейти к содержимому
Главная страница » Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ

Рахат ауылдық округі әкімі аппаратында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – заң үстемдігі мен адалдық қағидатының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға округтегі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен әкімдік мамандары қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын түсіндіру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауатын арттыру, қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ұжымда сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын нығайту.

Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына, мемлекеттік басқару жүйесіне және азаматтардың мемлекетке деген сеніміне тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметінде заңдылық, әділдік, ашықтық және адалдық қағидаттарын ұстанудың маңызы кеңінен талқыланды.

Іс-шарада Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының негізгі талаптарына тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, мүдделер қақтығысының алдын алу, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу және қызметтік әдеп талаптарын сақтау мәселелері сөз болды. Қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу әрбір мемлекеттік қызметшінің тікелей міндеті екені айтылды.

«Азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң талаптарын қатаң сақтау, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату мәселелері күн тәртібінен ешқашан түспейді. Мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы мен кәсіби этикасы мемлекеттік органның беделіне тікелей әсер ететіні, әрбір қызметкердің өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарауы қажеттігі үнемі жиын барысында айтылып отырады», – дейді Рахат ауылдық округінің әкімі Руслан Қыдырғожаев.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді жолдары мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ