Перейти к содержимому
Главная страница » Табиғатты қорғау – заң мен тәртіптің маңызды бағыты

Табиғатты қорғау – заң мен тәртіптің маңызды бағыты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін нығайтып қана қоймай, табиғатты қорғау саласында да ерекше маңызға ие. Табиғи байлықтарды сақтау, ерекше қорғалатын аумақтардағы белгіленген талаптарды сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әр азаматтың ортақ міндеті.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар Түрген филиалы аумағындағы Кузнецов шатқалында жалғасын тапты. Мерейтойлық бағдарлама шеңберінде табиғатты қорғау, ғылыми мұраны дәріптеу және экологиялық ағартушылық бағытындағы бірқатар маңызды жобалар таныстырылды.

Іс-шара барысында көрнекті ғалым, академик Аймақ Жанғалиевтің ғылыми мұрасына арналған мемориалдық-ақпараттық орталық ашылды. Ғалым Қазақстандағы жабайы жеміс ормандарын, әсіресе Сиверс алмасының табиғи қорын зерттеуге және сақтауға зор үлес қосқан тұлға ретінде танымал.

Жаңа орталықтың мақсаты – академиктің ғылыми еңбектерін насихаттау, жастардың табиғатқа және ғылымға қызығушылығын арттыру, сондай-ақ ұлттық парктің ғылыми-ағартушылық қызметін дамыту. Орталық келушілерге ғалымның өмірі мен зерттеу жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат ұсынады.

Сонымен қатар Кузнецов шатқалында Сиверс алмасының ғылыми-танымдық соқпағы пайдалануға берілді. Сиверс алмасы әлемдегі мәдени алма сорттарының арғы тегі ретінде танылып, Іле Алатауының бірегей табиғи мұрасының ажырамас бөлігі саналады.

Жаңа бағыт келушілерге Сиверс алмасының табиғи таралу аумағымен, оның экологиялық және ғылыми құндылығымен танысуға мүмкіндік береді. Бұл бастама экологиялық білімді арттыруға, табиғи мұраны сақтауға және жауапты туризм мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Соңғы отыз жыл ішінде Іле Алатауы ұлттық паркінде табиғатты қорғау мен экотуризмді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда парк аумағында 47 туристік маршрут абаттандырылып, 94 инвестициялық жоба іске асырылған. Соның нәтижесінде келушілер саны да тұрақты түрде өсіп келеді.

Ұлттық паркте жүргізіліп жатқан жұмыстар табиғи экожүйелерді сақтай отырып, туризмді тұрақты дамытуға бағытталған. Бұл табиғи кешендерге түсетін жүктемені реттеуге, келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға және қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар тәжірибе алмасуға, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның тау экожүйелерін сақтау жөніндегі бірлескен бастамаларды дамытуға жаңа серпін береді.