Елімізде қоғамдық орындарда темекі өнімдерін пайдалануға заң жүзінде қатаң шектеулер қойылған. Бұл талаптардың негізгі мақсаты – азаматтарды, әсіресе балалар мен жасөспірімдерді пассивті темекі шегудің зиянды әсерінен қорғау және 100 пайыз түтінсіз орта қалыптастыру.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру, денсаулық сақтау және спорт мекемелері аумағында, тұрғын үйдің кіреберісінде, балалар ойын алаңында, қоғамдық көлік пен таксиде, тамақтану мен жұмыс орындарында, сондай-ақ вокзал мен метро стансасының кіреберісінен 15 метр қашықтықта темекі шегуге қатаң тыйым салынған. Электронды темекі, вейп, қорқор және басқа да темекі өнімдерін рұқсат етілмеген жерде шегуге болмайды.
Мемлекет жастардың денсаулығын қорғау мақсатында темекі өнімдерінің қолжетімділігін шектеу бағытында нақты шаралар қабылдады. Қазақстанда 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін, электрондық темекі, вейп және қорқор сатуға заңмен тыйым салынған.
Темекі шегуге тек арнайы жабдықталған, оқшауланған және тиімді желдету жүйесімен қамтамасыз етілген орындарда ғана рұқсат етіледі. Мұндай орындарда тағам мен сусынды тұтынуға жол берілмейді. Бұл талаптардың барлығы темекі түтінінің басқа адамдарға әсерін болдырмауға бағытталған. Темекі түтінінде 30-дан астам улы зат бар. Пассивті шегу жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісік қаупін арттырады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 441-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда белгіленбеген жерлерде темекі өнімдерін, оның ішінде вейп, электрондық темекі және қорқорды пайдалану әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Заң талаптарын сақтамаған адамдарға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, Ал құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке дейін артады.
Таза ауа – денсаулық кепілі. Темекісіз өмірді бүгіннен бастаңыз!
Асима Қуандықова,
«Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы»
ЖШС директоры
