Перейти к содержимому
Главная страница » ҮЛКЕН ЖЕҢІСТЕРГЕ БАСТАР ЖОЛ

ҮЛКЕН ЖЕҢІСТЕРГЕ БАСТАР ЖОЛ

Алматы облысының Қарасай ауданында Алматы облысының Құрметті азаматы, спорт ардагері Сейітқали қажы Ыбытаевтың құрметіне арналған VII ашық республикалық бокс турнирі өз мәресіне жетті.

Өткен жылдар ішінде бұл жарыс игі дәстүрге айналып, жасөспірімдер боксы күнтізбесіндегі ең маңызды әрі көптен күтілетін додалардың біріне айналды. Биылғы турнирге 2012–2013 жылы туған 130-дан астам жас былғары қолғап шебері қатысты. Жүлделі орындар үшін Қазақстанның әр өңірінен келген командалармен қатар Оман, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжаннан келген спортшылар да бақ сынады.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне турнир есімі берілген Сейітқали қажы Ыбытаевтың қатысуы ерекше мән берді. Ол қоғам және дін қайраткері ғана емес, сондай-ақ спортқа деген сүйіспеншілік жасқа қарамайтынын дәлелдеп келе жатқан тұлға.

Сейітқали қажы Ыбытаев отыз жылға жуық уақыттан бері Қазақстандағы ең көне «Сат» мешітінің имамы қызметін атқарып келеді. 1990-жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары болған. Руханиятты, мәдениетті және ұлттық дәстүрлерді дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен оған «Үздік ардагер имам – 2024» атағы берілген. Сонымен қатар ол салауатты өмір салтын берік ұстанушы ретінде де кеңінен танымал. Бүгінде де тамаша спорттық бабын сақтап, күрес және шығыс жекпе-жек түрлерімен тұрақты айналысып келеді.

Жас спортшыларға ақ батасын берген Сейітқали қажы Ыбытаев оларға өз күшіне сенімді болып, жоғары нәтижелерге жетулеріне тілектестік білдірді.

«Көптеген жас спортшылар осы рингте алғаш рет бақтарын сынап жатыр. Олар мұнда мінез, батылдық, қайсарлық, табандылық және қарсыласқа деген құрмет сияқты нағыз спортшыға тән қасиеттерді көрсетуде. Бұл балаларды алда үлкен жарыстар күтіп тұр деп сенемін. Осындай турнирлер арқылы боксшылар шеберліктерін шыңдап, өз мүмкіндіктерін танытады. Спортты қолдап жүрген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Осындай сыннан өткен балалар ертең ел намысын, Отан абыройын қорғайтын азамат болып өседі», – деді Алматы облысының Құрметті азаматы, спорт ардагері Сейітқали қажы Ыбытаев.

Бес күнге созылған дода барысында 15 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осындай жасөспірімдер арасындағы жарыстар болашақ спорт резервін қалыптастырудың берік негізі болып табылады. Мамандардың пікірінше, соңғы жылдары Алматы облысында жас спортшыларға арналған жарыстар күнтізбесі жүйелі түрде кеңейіп келеді. Бұл талантты жастардың тұрақты түрде жарыс тәжірибесін жинақтауына, ал жаттықтырушылардың шәкірттерінің дайындық деңгейін нақты нәтижелер негізінде бағалап, оқу-жаттығу үдерісін жетілдіруіне мүмкіндік береді.

«Бұл дәстүрлі турнир салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жаңа таланттарды анықтауға зор ықпал етеді. Рингте тартысты жекпе-жектер өтіп, жас боксшылар өз жасына лайық жоғары техникалық шеберлік, жақсы дене дайындығы мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Әсіресе, турнирдің географиясы жыл сайын кеңейіп келе жатқаны қуантады. Биыл кіші жас санатындағы боксшылар Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, Оман, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан мемлекеттерінен де келді. Мұндай халықаралық деңгейдегі қатысу жарыстың мәртебесін арттырып, оны спорттық достықты нығайтатын, тәжірибе алмасатын және болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды алаңға айналдырып отыр», – деді жарыстың бас төрешісі Еламан Жұмашев.

Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан республикасының құрамасы иеленді. Екінші орын – Өзбекстан республикасының командасына, үшінші орын – Әзербайжан республикасының командасына бұйырды.

Турнирдің үздік боксшысы аталымына Алматы облысының спортшысы Серік Нұрсұлтан лайық деп танылды.

«Менің жеке спорттық қоржынымда халықаралық және республикалық жарыстардың жүлделері бар. Бірақ бұл жеңістің орны ерекше. Өйткені бұл турнир өмір бойы қайсарлықтың, спортқа деген адалдықтың және биік адамгершілік қасиеттердің үлгісін көрсетіп келе жатқан тұлғаның құрметіне арналған. Біз сияқты жас спортшылар үшін бұл – ең үлкен өнеге», – деді Қазақстан республикасының бокс бойынша спорт шеберлігіне кандидат Серік Нұрсұлтан.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар үздік өнер көрсеткен спортшылар Қазақстан республикасының спорт шеберлігіне кандидат спорттық нормативін орындады.