Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлт саулығы — біздің қолымызда

Ұлт саулығы — біздің қолымызда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Балқаш аудандық орталық ауруханасында медицина қызметкерлерінің қатысуымен «Ұлт саулығы – біздің қолымызда» тақырыбында жиын өтті. Іс-шараның басты мақсаты – нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу бағытындағы медицина мамандарының рөлін күшейту, сондай-ақ осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру болды.

Жиын барысында нашақорлық пен алкоголизмнің қоғамға тигізетін зардаптары жан-жақты талқыланып, кездесуде Балқаш аудандық орталық ауруханасының директоры Бақыт Жәмеков бұл кеселдердің жеке адамның денсаулығына ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке, демографиялық ахуалға және елдің болашағына елеулі қауіп төндіретінін атап өтті. Кездесуде есірткі мен алкогольді өнімдерге тәуелділікті ерте анықтау және диагностика жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде тәуекел топтарын анықтау, дер кезінде көмек көрсету және азаматтарды қажетті емдеу қызметтеріне бағыттау жолдары қарастырылды. Сонымен қатар наркологиялық қызмет, емхана дәрігерлері, психологтар және құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайту мәселесі сөз болды. Бас дәрігер профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін барлық мүдделі мекемелердің бірлескен жұмысының маңызды екенін жеткізді. Жиында тұрғындар мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығы айтылды. Осы бағытта медицина қызметкерлерінің қатысуымен кездесулер, дәрістер мен ақпараттық акцияларды жиі ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді. Жиынды қорыта келгенде балқаштық ақ халаттылар ұлт саулығын сақтау әрбір медицина қызметкерінің кәсіби әрі азаматтық борышы деген ой түйіп, алдағы уақытта да нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тәабатынына тоқталды. Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы ​