Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Балқаш ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қылмыстың алдын алу.
Бүгінде Балқаш ауданы аумағында 14 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарда тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, халықпен тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Соңғы жылдары қоғамда өзекті мәселеге айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу да ерекше назарда. Жыл басынан бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан көлеміндегі білім беру ұйымдары мен халық көп шоғырланатын орындарда тоғыз кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар алкогольді ішімдікті жиі тұтынатын, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың тұрғылықты мекенжайларында 23 тексеру жүргізілді. Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мәселесінде дағдарыс орталықтарымен бірлескен жұмыстар атқарылып, тұрғындарға қажетті ақпараттар берілуде. Аудан тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ауылдық округтерде кездесулер өткізіліп, ақпараттық жадынамалар таратылуда. Сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген азаматтар мен жәбірленушілердің мекенжайлары тексеріліп, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық әңгімелер жүргізілуде. Құқық бұзушылықтың алдын алуда ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңызы зор. Осы мақсатта Балқаш аудандық полиция бөлімінде арнайы профилактикалық кабинет жұмыс істейді. Мұнда полиция бөліміне жеткізілген азаматтармен, жәбірленушілермен және кәмелетке толмағандармен кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Жыл басынан бері кабинетте 43 азамат қабылданған. Бұл орталық құқық бұзушылыққа итермелейтін себептерді ерте анықтап, тәуекел тобындағы азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Аудан тұрғындарының мүлкін қорғау бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе мал ұрлығының алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Жүргізілген талдау тіркелген мал ұрлығы фактілерінің басым бөлігі малдың қараусыз жайылымнан жоғалуымен байланысты екенін көрсеткен. Осыған орай полиция қызметкерлері шаруа қожалықтары мен мал иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеу, таңбалау, чиптеу, бақташы жалдау секілді қауіпсіздік шараларын түсіндіруде. Ал заңсыз мал жаю деректері бойынша жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы негізінде 30 әкімшілік хаттама толтырылған. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет алаяқтық пен қаржы пирамидаларының да қатері артып отыр. Сондықтан тұрғындар арасында банк карталарының құпия деректерін жарияламау, күмәнді сілтемелерді ашпау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы буклеттер мен жадынамалар таратылуда. Есірткі қылмыстарының алдын алу да полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта аудан аумағында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның аясында заңсыз қарасора алқаптарын анықтау және жою бойынша кең көлемді тексерулер жүргізілуде. Сонымен қатар есірткі саудасына қатысты интернет-ресурстар мен Telegram арналары анықталып, «Кибербақылау» жүйесі арқылы бұғаттау шаралары қабылдануда. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Ювеналды полиция тобы қызметкерлері білім беру ұйымдарында буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылық және құқықтық жауапкершілік тақырыптарында кездесулер өткізуде. Сондай-ақ жасөспірімдерге алкоголь өнімдері, темекі және электронды темекі сатуға қатысты заң талаптары түсіндірілуде. Мектептер мен колледждерде нашақорлықтың алдын алу бойынша тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді. «Нашақорлық туралы не білеміз?», «Есірткіге “жоқ” деуге 10 себеп», «Есірткі сатушының ілгегінен қалай құтылуға болады?» тақырыптарында дәрістер өткізіліп, бейнероликтер көрсетілуде. Ата-аналарға арнайы жадынамалар таратылып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары түсіндірілуде. Балқаш аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, қазіргі таңда аудан аумағында есірткі тұтынатын кәмелетке толмағандар анықталмаған және мұндай санаттағы тұлғалар есепте тұрмайды. Дегенмен құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды тоқтатпай, тұрғындармен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы бұл жұмыстар аудан тыныштығы мен тұрғындардың әл-ауқатын нығайтуға қызмет етеді. Өйткені қауіпсіз қоғам – тұрақты дамудың кепілі, ал есірткісіз және заңға құрметпен қарайтын орта – жарқын болашақтың негізі.
Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы
