Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Бұл қағидат бүгінде Алатау қаласында жүйелі түрде жүзеге асырылып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға оң ықпалын тигізуде.
Алатау қаласында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және заң талаптарын түсіндіру мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Қала аумағында құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен түсіндіру кездесулері, акциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді.
Әсіресе жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, нашақорлық пен маскүнемдіктің зияны туралы түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбиеге бағытталған кездесулер ұйымдастырылып, жас буынның заңға құрметпен қарауына ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар қала тұрғындары арасында қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, жол қозғалысы ережелерін сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан Алатау қаласының тұрғындары құқықтық мемлекет қағидаттарын қолдап, заң талаптарын сақтауға белсенді атсалысуда.
«Заң мен Тәртіп» қағидатының тиімді жүзеге асырылуы қаладағы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтып, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Заңға құрмет – өркениетті қоғамның басты белгісі.
