Перейти к содержимому
Главная страница » Заң мен тәртіп – қауіпсіз өмір кепілі

Заң мен тәртіп – қауіпсіз өмір кепілі

Қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіз, әрі тыныш өмір сүруінің басты негіздерінің бірі – заң мен тәртіп. Тәртіп болмаған жерде тұрақтылық та, әділдік те болмайды. Сондықтан әр азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпті құрметтеуі керек. Осы орайда «Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ Еңбекшіқазақ аудандық филиалында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз өмір кепілі» атты дөңгелек үстел өтті.

Кездесуге филиалдың мемлекеттік тіл курсы тыңдаушылары қатысып, қазіргі қоғамдағы заң мен тәртіптің орны және оның маңызы жөнінде пікір алмасты. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның қызметкері, әрі орталықта мемлекеттік тіл курсын оқып жатқан тыңдаушы Наталья Бочарова жылдан-жылға электр энергиясын тұтынушылардың берешегі өсіп жатқанын айтып, «Бұл жағдай тұрғындар заң мен тәртіпті сақтамай, қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігіне бей-жай қарап отырғанын көрсететін бір мысал. Өйткені берешектің өсуі өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне елеулі қауіп төндіреді. Яғни өз жауапкершілігіне салғырт қарайтын кейбір азаматтардың жауапсыз әрекеті екінші адамға зиянын тигізеді», – дейді.

Қоғам – біртұтас жүйе. Сондықтан қоғамның өсіп-өркендеуі оның әр мүшесіне тікелей байланысты. Дамыған, өмір сүруге қауіпсіз, әрі жайлы орта қалыптастыру үшін әр азамат қоғам алдындағы өз жауапкершілігін ұмытпауы керек.

Осы орайда сөз алған В.Терешкова атындағы орта мектептің мұғалімі Зульфия Валиева: «Жас ұрпаққа қоғам алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін түсіндіру жұмыстары білім ошақтарында үнемі жүргізіліп тұрады. Балаларға заң мен тәртіп, өз құқықтары мен міндеттері туралы сабақ барысында айтып қана қоймай, арнайы ашық сабақтар пен жиналыстар да өткізіп тұрамыз», – дейді. Дөңгелек үстел басына жиналған тыңдаушыларға орталық оқытушысы Гүлнар Жақсылықова «Заң мен тәртіп – қауіпсіз өмір кепілі» тақырыбында баяндама жасап, қызықты ойын ұйымдастырды.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ «Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ Еңбекшіқазақ аудандық филиалының меңгерушісі