Перейти к содержимому
Главная страница » ЖАТТЫҒУДА ТЕРЛЕГЕНІҢ – ЖАРЫСТА ЕРЛЕГЕНІҢ!

ЖАТТЫҒУДА ТЕРЛЕГЕНІҢ – ЖАРЫСТА ЕРЛЕГЕНІҢ!

Еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәлік Нәдірбекұлымен бір ауылда тай құлындай тебісіп өстік. Бұрынғы Шелек ауданы Достық ауылындағы Қаратұрық сегізжылдық мектебін менен бір сынып бұрын бітірді. Ол кезде спортзал атымен жоқ. Футбол алаңында доп қуып, көкмайсада күресіп, асық ойнап өстік. Мығым денелі Мәлік күреске жаны құмар еді. Ақыры ол балуан болуға бел буды.

Атақты шопан болған марқұм әкесі Нәдірбек те, анасы Күлімхан да ірі денелі, еліне сыйлы адамдар еді. 1969 жылы мектеп бітіргеннен кейін Мәкең Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға түскен. Өйткені ол бала кезден спорт туралы кітаптарды оқып, Қажымұқан атасы, КСРО чемпионы Әбілсейіт Айханов сияқты ел намысын қорғайтын балуан болсам деген ынтасы оянды. Сол арманмен еркін күреспен айналыса бастады. Алғашқы жаттықтырушысы Мұсабек Қапанов та Мәлікке үлкен үміт артты.
Кеңес кезінде ұлттық құрамаға қабылдану өте қиын еді. Мүшелікке іріктеу де қатаң болды. Жалықпай жаттығудың арқасында жасы жиырмаға жуықтаса да, құрамаға қабылданып, жүлдегерлер қатарынан көріне бастады. Бозкілемде «сен тұр мен атайын» деген кілең мықты қарсыластармен бақ сынасты. Мәселен, украиндық Тенигин, шешен балуаны Юсупов, Гайдарбеков, Магомедгазиев, Карачуров сынды жігіттер болды. Осындай білекті балуандардың ішінен бірінші болу оңай емес еді. Талмай тер төгудің арқасында Азия, Еуропа, әлемдік бәсекелерде биік белестерден көріне білді. Бозкілемде алыптармен атой салған он жылда бірнеше рет еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанды.
Мәлік Нәдірбеков 1974 жылы Алматы қаласындағы «Қайрат» олимпиадалық резервіндегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушылық қызметін бастады. Одан кейін Алматы қаласындағы республикалық спорт интернатында оқытушы, 1992 жылдан Қазақстанның еркін күрестен бас жаттықтырушысы, Олимпиадалық дайындық орталығының аға жаттықтырушысы болып жас балуандарды баптады. Алматыдағы жоғары спорт шеберлігі мектебінде жұмыс істеген жылдары ел намысын қорғайтын талай шәкірті биік белестерден көріне білді.
Әрбір жаттығу – жеңіске бастайтын жол. Жаттығуда терлегенің – жарыста ерлегенің. Бүгін қиналсаң, ертең қуанасың. Осыны өз тәжірибесінен сезінген Мәліктің шәкірттеріне ескертетін ең басты қағидасы – жаттығудан жалықпау. Сонда ғана мақсатыңа жетесің.
Жаттықтырушының жетістігіне көз жүгіртсек, ол еркін күрестен жастар арасындағы КСРО чемпионы Талғат Исабаевты, жасөспірімдер арасындағы КСРО жастар ойындарының жүлдегері Берік Деңгілбаевты, жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының жеңімпазы Анзор Эрсеновты, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Рамазан Нұрбазиловты, жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Дәулет Сабанбайды, жастар арасындағы Азия чемпионы Қалсар Боранбаевты тәрбиелеп шығарды. Осы елеулі еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болып, «Ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Биыл 75 жасқа толған Мәлік Нәдірбекұлы атындағы жүлде үшін аудандық, облыстық, республикалық жарыстар облыстың әр аймағында өткізіліп келеді.

Анарбек БЕРДІБАЕВ
Еңбекшіқазақ ауданы