Перейти к содержимому
Главная страница » Жемқорлықпен күрес күшейеді

Жемқорлықпен күрес күшейеді

    Облыстық әкімдікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етіп, комиссия мүшелері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.

    Отырысты ашқан облыс әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, қоғамда адалдық пен ашықтық қағидаттарын қалыптастыру, сондай-ақ алдын алу шараларының тиімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

    Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадияр Исебаев баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары екенін атап өтті. Сонымен қатар жақында қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мен агенттікке сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі өкілеттіктердің берілуі мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.

    Баяндамашының мәліметінше, жыл басынан бері облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 73 кездесу өткізіліп, оған 6 мыңға жуық адам қатысқан.

    – Талдау барысында білім беру және денсаулық сақтау салаларында тауар бағаларын негізсіз көтеру, қажеттіліктен артық көлемде сатып алу фактілері анықталған. Атап айтқанда, Қонаев қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің сатып алу жоспарында спорттық құрал-жабдықтар мен шаруашылық тауарларының бағасы бірнеше есе жоғары көрсетілген. Департаменттің араласуынан кейін жоспарлар қайта қаралып, миллиондаған теңге көлемінде бюджет қаражаты үнемделді. Сондай-ақ Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының сатып алу жоспарында азық-түлік пен тағамдық қоспалардың бағасы нарықтық құннан әлдеқайда жоғары көрсетілгені анықталып, түзетулер енгізілгеннен кейін 2 миллион теңгеден астам қаржы үнемделген, – деді Мадияр Болатұлы.

    Мадияр Исебаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өңірде 27 кездесу өткізіліп, арнайы байқаулар, муралдар мен ақпараттық акциялар ұйымдастырылған. Алайда кейбір өңірлерде бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны жеткіліксіз екені байқалады. Баяндама барысында мемлекеттік қызметшілер арасындағы лудомания мәселесі де көтерілді. Мониторинг қорытындысына сәйкес онлайн-букмекерлік кеңселер арқылы бәс тіккен 11 мемлекеттік қызметші қызметінен босатылған. Бұл мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын сақтауына бақылауды күшейту қажеттігін көрсетті.

    Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медғат Қабдылқайыров есеп берді. Оның айтуынша, Алматы облысында азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

     – 2025–2030 жылдарға арналған қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, оны іске асыру үшін биыл облыстық бюджеттен 22 миллион теңге бөлінген. Жыл бойы 42 ірі ақпараттық және профилактикалық іс-шара өткізу жоспарланған. Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 42 мыңнан астам материал жарияланған. Оның ішінде облыстық «Алатау арайы» газетінде және ресми сайтында 241 материал, ал «Огни Алатау» газетінде 301 материал жарық көрген. Сонымен қатар «Qonaev TV» телеарнасында құқықтық тәрбие мен құқықбұзушылықтардың алдын алу тақырыптарында арнайы жобалар тұрақты түрде эфирге шығарылып келеді. Облыс аумағында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау мақсатында 72 билборд, 24 баннер және 20 LED экран орналастырылған. Қонаев қаласындағы тұрғын үй кешендерінде 700-ге жуық ақпараттық үнпарақ ілінген, – деді Медғат Көбегенұлы.

     Отырыста үшінші мәселе ретінде Іле ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетовтің айтуынша, жыл басынан бері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тоғыз іс-шара өткізіліп, 780 дана ақпараттық кітапша таратылған. Ауданның кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту, жер қатынастары, ішкі саясат және жұмыспен қамту бөлімдерінде жүргізілген ішкі талдау нәтижесінде алты сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған. Қазіргі уақытта оларды жою бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ аудан көлемінде ақпараттық-насихат жұмысы жалғасып, аудандық «Іле таңы» газетінде алты мақала жарияланған.

     Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар облыстық басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне ішкі талдаулардың сапасын арттыру, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету, мүдделер қақтығысының алдын алу тиімділігін күшейту бойынша нақты міндеттер қойылды. Ведомствоаралық комиссия отырысында көтерілген мәселелер мен берілген тапсырмалар облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ