Жол қозғалысы қауіпсіздігі – қоғамдағы тәртіп пен азаматтардың өмірін қорғаудың маңызды бағыттарының бірі. Күн сайын мыңдаған адам көлікпен қатынап, қоғамдық орындарда қозғалады. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің басты міндеті болып табылады.
Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, қарсы бағытқа шығуы, қауіпсіздік белдігін тақпау және ұялы телефонды пайдалану сияқты ережелерді бұзуынан орын алады. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі де қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Жолдағы қауіпсіздік тек жүргізушілерге ғана байланысты емес. Әрбір азамат жол қозғалысына қатысушы ретінде жауапкершілік танытуы қажет. Балаларға жолда жүру мәдениетін ерте жастан үйрету, жол белгілерінің маңызын түсіндіру және қауіпсіздік талаптарын сақтау – қоғам қауіпсіздігінің кепілі.
Алатау қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Қала аумағында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ақпарат берілуде. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында оқушыларға арналған қауіпсіздік сабақтары өткізіліп келеді.
Құрметті Алатау қаласының тұрғындары!
Жолда мұқият болыңыздар, белгіленген жылдамдық режимін сақтаңыздар, көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланудан бас тартыңыздар және жаяу жүргіншілерге құрмет көрсетіңіздер. Әрбір сақталған ереже – адам өмірін сақтауға қосылған үлес.
Қауіпсіз жол – қауіпсіз қоғамның негізі!
