Перейти к содержимому
Главная страница » Ауыл ажары арта түсті

Ауыл ажары арта түсті

Қарадаланың төсіндегі Кетпен ауылдық округінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Таза ауыл – ортақ міндет» атты ауқымды тазалық акциясы ұйымдастырылды. Ауылдың көркеюі мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бұл шараға 100-ге тарта тұрғын белсенді қатысып, бірнеше техника жұмылдырылды.

Берекесі тасыған, бірлігі бекем кетпендіктер бұл күні ауылдағы қоғамдық орындар, атап айтқанда ауылдық Мәдениет үйінің, Сәдіғожа Мошанұлы ескерткішінің айналасын абаттандырып, тазалап, бүлінген жерлерін жөндеп, азаматтық танытты. Сонымен қатар ауыл көшелері мен демалыс аймақтары қоқыстан тазартылып, санитарлық жағдайды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Тұрғындар бірлесе еңбек етіп, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Әсіресе, бұл күні ауыл жастарының белсенділігі ерекше көзге түсті. Олар тек тазалық жұмыстарына қатысып қана қоймай, үлкендерге үлгі болып, экологиялық мәдениетті насихаттауға атсалысты.
Шара барысында тұрғындар арасында түсіндіру жұмысы да жүргізіліп, табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау және тазалық сақтау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы кеңінен айтылды. Мұны да жастар ұйымдастырды. Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының жауапкершілігін арттырып, ортақ іске жұмылуына ықпал ететіні сөзсіз.
Игі істің басы-қасында ауылдастарымен бірге жүрген Кетпен ауылдық округінің әкімі Марат Үмбетжанов тұрғындардың бірлігі мен белсенділігін ерекше атап өтті. «Бүгінгі акцияда ауылымыздың бірлігі арта түсуде. Әсіресе, жастардың белсенділігі қуантады. Осындай ортақ іске жұмылып, ауылдың тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жатқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Таза орта – өзіміз үшін, болашақ ұрпақ үшін маңызды», – деді ауыл әкімі. Сонымен қатар бұл тазалық шарасы әр апта сайын жүріп жатқанын, тіпті бүгінде тұрғындардың өздері-ақ ешбір ескертусіз ауласын, көшесін тазалауға бір кісідей жұмылып атсалысуды дәстүрге айналдырғанын да мақтана айтты.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен «Таза ауыл – ортақ міндет» акциясының негізгі мақсаты – жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, ауылдың тазалығы мен көркеюіне үлес қосу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Ауыл тұрғындары бүгінде сол мақсатқа жетіп отыр. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Кетпен ауылының ажары арта түсері анық. Себебі, таза ауыл – мәдениетті қоғам кепілі.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы