Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, капитан Ахметова Қымбат 2026 жылғы 16–19 шілде аралығында Алматы қаласында өткен контакт джиу-джитсудан Азия чемпионатында тамаша өнер көрсетіп, І орынды жеңіп алып, Азия чемпионы атанды.
Бұл айтулы жетістік – спортшының табанды еңбегі, жоғары кәсіби дайындығы, қайсар мінезі мен жеңіске деген жігерінің нәтижесі. Халықаралық деңгейдегі додада еліміздің абыройын асқақтатып, көк Туымызды биікте желбірету – әрбір спортшы үшін үлкен мәртебе.
Капитан Ахметова Қымбаттың жеңісі – тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің және Қазақстан Республикасының мерейін үстем еткен зор мақтаныш. Бұл жеңіс әскери қызметшілердің әскери дайындықпен қатар, спорт саласында да жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері әрдайым тәртіптің, төзімділіктің және отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп келеді. Капитан Ахметова Қымбаттың жеңісі жас әскери қызметшілерге жігер беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға және спортпен тұрақты айналысуға үндейтін жарқын үлгі болып табылады.
Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы капитан Ахметова Қымбатты Азия чемпионатындағы тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, қызметінде толағай табыстар мен халықаралық ареналарда жаңа биіктерді бағындыруына тілектестік білдіреді.
Жеңісіңіз құтты болсын! Қазақстанның көк байрағын әлемдік додаларда әрдайым биіктен көрсете беріңіз!


