Интернеттің дамуы адамдардың өмірін жеңілдеткенімен, киберқылмыс пен қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашты. Бүгінде интернет-алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, жеке деректерін иемдену немесе ақшасын заңсыз алу үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданады.
Алаяқтар көбіне өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе мемлекеттік мекеме маманы ретінде таныстырады. Олар құпия SMS-кодты, банк картасының мәліметтерін немесе жеке сәйкестендіру нөмірін сұрайды. Мұндай ақпаратты ешкімге беруге болмайды.
Соңғы уақытта қаржы пирамидалары да кеңінен таралып келеді. Олар аз уақыт ішінде мол табысқа кенелуге уәде береді. Алайда мұндай жобалардың басым бөлігі заңсыз жұмыс істейді және оған қатысушылар қаржысынан айырылып жатады.
Қауіпсіздіктің басты қағидасы – кез келген күмәнді ұсынысты мұқият тексеру. Ресми ақпарат көздеріне ғана сеніп, белгісіз сілтемелерге өтпеу және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажет.
Қаржылық сауаттылық – интернет алаяқтарынан қорғанудың ең тиімді жолы. Әрбір азамат сақтық танытып, заң талаптарын сақтаған жағдайда ғана өз қаражатын сенімді қорғай алады.

