Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысын жеңілдетуге бағытталған жаңа цифрлық өнім – BusinessGO экожүйесі іске қосылды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асқан бұл бірегей жоба сауда мен есеп жүргізуге, бизнесті басқаруға қажетті барлық негізгі құралдарды бір платформаға біріктіріп отыр. Жаңа экожүйенің басты мақсаты – кәсіпкерлердің күнделікті жұмысын оңтайландырып, уақыт пен қаржылық шығындарын азайту, сондай-ақ бизнес-процестерді толық цифрландыру арқылы олардың тиімділігін арттыру.
Қазіргі таңда еліміздегі кәсіпкерлер өз қызметін жүргізу барысында түрлі жеткізушілердің бірнеше жүйесін қатар пайдалануға мәжбүр. Соның салдарынан күрделі техникалық интеграциялармен бетпе-бет келіп, әртүрлі жеке кабинеттерде жұмыс істейді әрі әр сервистің техникалық қолдау қызметіне бөлек жүгінеді. Бұған қоса, мұндай цифрлық шешімдерді жеке-жеке сатып алу мен оларды сүйемелдеу кәсіпкерлер үшін жыл сайын қомақты қаржылық шығынға айналып отыр.
BusinessGO осы түйткілді мәселені кешенді түрде шешуге бағытталған. Платформа кәсіпкерге қажетті барлық сервисті бір экожүйеге біріктіріп, бизнесті басқаруды айтарлықтай жеңілдетеді. Соның нәтижесінде түрлі бағдарламаларды іздеп, оларды өзара байланыстыруға уақыт пен қаражат жұмсаудың қажеттілігі жойылады. Сонымен қатар барлық қызмет бойынша бірыңғай техникалық қолдау орталығы жұмыс істейді.
Жаңа цифрлық экожүйе кәсіпкерлік қызметтің барлық негізгі бағытын қамтитын сегіз шешімнен тұрады. Олар – фискалдық деректер операторының қызметін ұсынатын ФДО, заманауи онлайн-касса жүйесі GreenKassa, тауарлық есеп пен қойманы басқаруға арналған GreenMag, сатылым көлемін арттыруға бағытталған Amian Business маркетингтік платформасы, акциздік маркалар мен өнімдердің таңбалануын жедел тексеретін GreenScan сервисі, QR-код арқылы кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты анықтауға мүмкіндік беретін Салық төлеуші паспорты, шетелдік сатып алушылар үшін қосылған құн салығын қайтаруды рәсімдейтін Tax Free жүйесі және базарлар мен сауда орталықтарындағы сауда-саттықты мониторингілеуге арналған Findex аналитикалық платформасы.
BusinessGO экожүйесіне қосылған кәсіпкерлер сатылым көлемін арттырып, түрлі бағдарламалардың көмегімен орташа чекті ұлғайтуға, күнделікті қол еңбегін автоматтандыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ бизнесті кез келген уақытта, кез келген жерде және кез келген құрылғы арқылы толық бақылауда ұстай алады.
BusinessGO – тек кәсіп жүргізуге арналған цифрлық құрал ғана емес, сонымен қатар ел экономикасының ашықтығын арттыруға бағытталған стратегиялық жоба. Сандық шешімдерді кеңінен енгізу көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға, сауда саласының ашықтығын қамтамасыз етуге, заңсыз тауар айналымымен күресті күшейтуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы жоба арқылы кәсіпкерлер үшін қолжетімді әрі заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның барлық өңіріндегі шағын және орта бизнестің сапалы әрі қарқынды дамуына жол ашады. Сонымен бірге Палата бөлшек сауда бойынша нақты аналитикалық деректерге қол жеткізіп, отандық кәсіпкерліктің сенімді серіктесі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтпақ.
BusinessGO платформасының мүмкіндіктерімен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында танысуға болады. Ал экожүйеге қосылу businessgo.kz сайты арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен бірнеше минут ішінде жүзеге асырылады. Жүйе компания туралы мәліметтерді автоматты түрде анықтайды. Одан кейін пайдаланушы өзіне қажетті модульдерді таңдап, келісімді портал арқылы растауы жеткілікті.
Сондай-ақ BusinessGO жүйесінің мүмкіндіктері мен оған қосылу тәртібі жөніндегі толық ақпаратты 1432 байланыс орталығына хабарласу арқылы алуға болады. Бірыңғай цифрлық экожүйенің іске қосылуы отандық кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің цифрлық трансформациясына тың серпін беретін маңызды бастамаға айналмақ.


