Есірткі қылмысы – қоғамның қауіпсіздігіне ғана емес, ұлттың болашағына төнген ең үлкен қатерлердің бірі. Ол адамның денсаулығын құртып қана қоймай, отбасылардың берекесін бұзып, қылмыстың көбеюіне, әлеуметтік тұрақсыздықтың қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Қазіргі таңда есірткі қылмысының сипаты өзгеріп келеді. Егер бұрын есірткі белгілі бір орындарда ғана таратылса, бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты қылмыскерлер әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және интернет ресурстарын кеңінен пайдалана бастады. Олар жастарды түрлі жарнамалар мен оңай табыс туралы ұсыныстар арқылы заңсыз әрекетке тартуға тырысады. Мұндай жағдайлар қоғамның қырағылығын бұрынғыдан да арттыруды талап етеді.Әсіресе жастардың қауіпсіздігі ерекше назарда болуы тиіс. Жасөспірімдер мен студенттер өмірлік тәжірибесінің аздығынан немесе жеңіл ақша табуға деген қызығушылығынан қылмыстық топтардың арбауына түсіп қалуы мүмкін. Кейбіреулер өз әрекетінің ауыр құқықтық салдарын толық түсінбей, есірткіні сақтауға немесе тасымалдауға келісім береді. Алайда мұндай заңсыз әрекеттердің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ұмытпау қажет.
Есірткіге қарсы күресте алдын алу жұмыстарының маңызы ерекше. Білім беру ұйымдарында өткізілетін кездесулер, ақпараттық акциялар, жастармен ашық пікір алмасу және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін түсіндіру жұмыстары зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал етеді. Жастарға есірткінің адам ағзасына, психикасына және болашағына тигізетін зиянын нақты мысалдар арқылы түсіндіру олардың дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік береді. Бұл бағытта отбасының да жауапкершілігі зор. Ата-аналар балаларының кіммен араласатынына, бос уақытын қалай өткізетініне және мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамағаны жөн. Отбасындағы сенімге негізделген қарым-қатынас көптеген қауіптің алдын алады. Баламен ашық сөйлесу, оның мәселелеріне құлақ асу және дұрыс бағыт беру – есірткіге қарсы тәрбиенің ең тиімді жолдарының бірі. Қоғамдық ұйымдардың, еріктілердің және белсенді жастардың да бұл бағыттағы рөлі айрықша. Салауатты өмір салтын насихаттау, спортпен шұғылдануға шақыру, мәдени және қоғамдық іс-шараларды көбейту жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді. Өмірден өз орнын тапқан, нақты мақсаты бар жас буын зиянды әдеттерден де алыс болады.
Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу, оны өндірумен және таратумен айналысатын тұлғаларды анықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар халық арасында профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, азаматтарды сақтыққа шақыруға ерекше көңіл бөлінуде. Өйткені бұл індетпен күресте тек жазалау шаралары жеткіліксіз. Ең бастысы – қоғамда есірткіге деген мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру.
Әрбір азамат есірткінің таралуына қарсы күреске өз үлесін қоса алады. Заңсыз әрекеттерге куә болған жағдайда тиісті органдарға хабарлау, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және салауатты өмір салтын қолдау – ортақ іске қосылған нақты үлес. Өйткені ұлттың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты. Есірткісіз қоғам – дені сау ұрпақтың, берік отбасының және жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан заң талаптарын сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болу және салауатты өмір салтын насихаттау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бірігіп әрекет еткенде ғана біз жастарды бұл қатерден қорғап, қауіпсіз әрі кемел қоғам қалыптастыра аламыз.
Құралбек Сәбитұлы

