Жас болса да, өзінің іскерлігі мен табандылығының арқасында кәсіпкерлік саласында жетістікке жетіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген Алматы облысының тумасы Рақышев Қанат Ермұратұлының еңбегі ерекше құрметке лайық.
Оның кәсіпкерлік жолы 2019 жылы экологиялық маңызы зор жобаны жүзеге асыру идеясынан бастау алды. Жоба аясында пайдаланылған автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеп, резеңке үгіндісін өндіру қолға алынды. Бұл өнім балалар ойын алаңдарына, спорт алаңдары мен жүгіру жолақтарына арналған қауіпсіз жабындарды, сондай-ақ резеңке плиткаларды өндіруде кеңінен қолданылады. Қанат Ермұратұлының бастамасымен шығарылған өнімдер жоғары сапасымен ерекшеленіп, тұтынушылардың сеніміне ие болды.
COVID-19 пандемиясы кезінде нарықтағы сұраныс төмендегеніне қарамастан, Қанат Ермұратұлы өз жұмысын тоқтатпады. Керісінше, өндірісті дамыту мен жаңа нарықтарға шығудың тиімді жолдарын іздестірді. Соның нәтижесінде 2022 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грантты жеңіп алып, резеңке қалдықтарын қайта өңдеуге арналған заманауи құрал-жабдыққа қол жеткізді. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсіпорынның Алматы облысындағы жетекші өндіріс орындарының біріне айналуына мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта кәсіпкер тек резеңке қалдықтарын ғана емес, ескі киімдер мен тозған көрпелерді де қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өндірілген өнімді шетел нарығына шығарып, экспорт көлемін арттыру да басты мақсаттарының бірі болып табылады.
Қанат Ермұратұлы өз кәсібінің дамуына зор қолдау көрсеткен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына ерекше алғысын білдіріп, бұл қолдаудың кәсіпорынның қалыптасуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқанын атап өтеді.


