Перейти к содержимому
Главная страница » ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫН АШТЫ

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫН АШТЫ

Алматы облысында Қазақстан Халық партиясының облыстық сайлауалды штабының салтанатты ашылуы өтті. Осылайша партия өңірдегі сайлау науқанының белсенді кезеңін ресми түрде бастап, алдағы үгіт-насихат жұмыстарының негізгі бағыттарын айқындады.
Іс-шараға облыстық сайлауалды штабтың басшылығы, Қазақстан Халық партиясынан сайланған мәслихат депутаттары, сенімді өкілдер, партияның Жастар және Әйелдер қанаттарының мүшелері, партия белсенділері, ақсақалдар, қоғам қайраткерлері, өңір тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Штабтың ашылуы өңірлік сайлауалды науқанның алғашқы маңызды іс-шараларының бірі болды. Басқосу барысында штабтың алдағы қызметі таныстырылып, сайлау кезеңінде атқарылатын жұмыстардың басым бағыттары нақтыланды. Сондай-ақ сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының заң талаптарына сай жүргізілуі, халықпен тиімді байланыс орнату және сайлаушыларды кеңінен ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Халық партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Бақытұлы Дудабаевтың айтуынша, штаб жұмысының басты мақсаты – сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде тұрғындарды жан-жақты ақпараттандырып, халықтың пікіріне құлақ асу.
– Бүгін сайлауалды кезеңнің ресми басталуына байланысты облыстық штабтың жұмысын іске қостық. Алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстарын заң аясында жүргізіп, тұрғындарға сайлау туралы толық әрі дұрыс ақпарат беруге басымдық береміз. Ең бастысы – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың ұсыныс-пікірлерін назарға алу. Сайлау барысында ел сеніміне ие, беделді әрі белсенді азаматтардың халықпен етене жұмыс істеуі маңызды. Біз үшін ең үлкен баға – сайлау қорытындысында халықтың беретін бағасы, – деді филиал төрағасы.
Оның айтуынша, партияның сайлауалды жұмыстары тұрғындармен ашық диалог орнатуға және өңірдегі өзекті мәселелерді назарға алуға бағытталады. Осы арқылы халықтың сенімін ақтап, сайлау науқанының барлық кезеңін заң талаптарына сәйкес өткізу көзделіп отыр.
Шара барысында штаб құрамындағы сенімді өкілдердің, үгітшілердің және партия белсенділерінің міндеттері де айқындалды. Олар алдағы уақытта өңірдің барлық аудан-қалаларында тұрғындармен кездесулер өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары және қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілмек.
Еркебұлан Дудабаевтың сөзінше, штабтың ашылуына облыстың әр өңірінен келген партия өкілдері мен белсенді азаматтар қатысты.
– Бүгінгі жиынға облыстық мәслихат депутаттары, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарынан келген депутаттар, сондай-ақ Қазақстан Халық партиясының жұмысына белсенді қолдау көрсетіп жүрген азаматтар қатысып отыр. Олар партия жұмысына өз үлестерін қосып, сайлауалды кезеңде халықпен тығыз байланыс орнатуға атсалысады, – деді ол.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін үгіт-насихат топтары Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес арнайы белгіленген орындарға үгіт-насихат материалдарын орналастыру жұмыстарына кірісті. Осылайша облыстық сайлауалды штаб өз жұмысын тек ресми түрде бастап қана қоймай, сайлаушыларды ақпараттандыру бағытындағы алғашқы нақты іс-шараларын жүзеге асырды.
Партия өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта штаб жұмысы халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастыруға, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинақтауға және сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіруге бағытталады. Бұл өз кезегінде сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, қоғам мен партия арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ