Перейти к содержимому
Главная страница » Көшпелі самаурын

Көшпелі самаурын

Қазақ халқының мәдениетінде көшпелі өмір салтына бейімделген тұрмыстық бұйымдардың орны ерекше. Солардың бірі – бүгінде «Анаға құрмет» музейінің қорында сақтаулы тұрған XV-XVI ғасырларға жататын көшпелі самаурын. Бұл жәдігер – ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінен, шеберлік өнерінен және шай ішу мәдениетінен сыр шертетін құнды мұра.

Көшпелі қоғамда әрбір заттың өзіндік қызметі ғана емес, оның жолға ыңғайлылығы мен практикалық маңызы да ескерілген. Сондықтан көш кезінде алып жүруге қолайлы, ықшам әрі берік бұйымдар жасалған. Музей қорындағы көшпелі самаурын да дәл осындай талаптарға сай дайындалған. Оның көлемі шағын, шай қайнатуға өте ыңғайлы. Бұйымның сыртқы пішінінен дала мәдениетіне тән нақыштар мен дәстүрлі қолөнер элементтері байқалады.
Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, қазақ даласына самаурын XVIII-XIX ғасырларда Ресей және Орта Азиямен арадағы сауда байланыстары арқылы кең тарала бастаған. Алайда оған дейін қазақтар арасында құман-самаурындар мен су қайнатуға арналған арнайы металл ыдыстар қолданылған. Кейбір үлгілері қазіргі самаурындардың арғы тегі саналады.
Кітап деректерінде самаурынның бірнеше түрі болғаны айтылады. Соның ішінде құман-самаурындар мен көшпелі тұрмысқа бейімделген ықшам үлгілер кең қолданылған. Мұндай бұйымдардың ортасында от жағатын арнайы бөлігі орналасып, айналасына су құйылған. Бұл құрылым аз отын жұмсап, суды тез қайнатуға мүмкіндік берген.
Қазақ үшін шай тек сусын ғана емес, қонақжайлылықтың, ынтымақ пен берекенің белгісі саналған. Ұзақ көш жолында, жайлауда немесе қыстауда отырған ауылдарда шай арқылы адамдарды бір дастарқан басына жинайтын маңызды дәстүр болған. Сондықтан самаурын да тұрмыстық зат қана емес, отбасы мен ағайынның басын қосатын мәдени нышан ретінде бағаланған.
Бүгінде «Анаға құрмет» музейінде сақталған XV-XVI ғасырлардағы көшпелі самаурын – халқымыздың тұрмыс мәдениетін, қолөнер дәстүрін айғақтайтын сирек жәдігерлердің бірі. Дала өміріне бейімделген бұл бұйым көшпенділер өркениетінің қаншалықты дамығанын көрсетіп, өткен мен бүгінді жалғап тұрған құнды бұйым. Музейімізде бұдан өзге ата-бабаларымыз қолданған самаурындар шоғыры бар. Бұл жәдігерлердің әрбірі өз заманынан сыр шертетін тарихи құндылық ретінде келушілердің қызығушылығын тудырып келеді.

Аяжан Қайратқызы,
«Анаға құрмет» музейінің экскурсия жетекшісі
Қарасай ауданы