Ұйғыр ауданы Шонжы ауылдық округіндегі №1 орта мектеп ғимараты аумағында терроризмге қарсы күрес жөніндегі аудандық жедел штабтың ұйымдастыруымен жоспарлы оқу-жаттығу іс-шарасы өтті. Аталған шара қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайларда әрекет ету қабілетін арттыру және жауапты құрылымдардың үйлесімді жұмысын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығудың басты мақсаты – террористік сипаттағы ықтимал қауіптерге жедел ден қою барысында тартылатын күштер мен құралдардың іс-қимылдарын нақтылау, сондай-ақ олардың дайындығын тәжірибе жүзінде тексеру болды. Іс-шараға арнайы қызметтер, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жаттығу барысында түрлі сценарийлер пысықталып, шартты түрде туындаған қауіп-қатер жағдайларына жедел әрекет ету алгоритмдері жүзеге асырылды. Қатысушы құрылымдар арасындағы өзара байланыс, ақпарат алмасу жылдамдығы, басқару шешімдерін қабылдау және орындау деңгейі жан-жақты бағаланды. Сонымен қатар, төтенше жағдай орын алған жағдайда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эвакуациялау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Іс-шара шеңберінде мектеп ғимаратының айналасында және оған іргелес көшелерде қауіпсіздік талаптарына сәйкес уақытша қозғалыс шектеулері енгізілді. Бұл шаралар оқу-жаттығудың сапалы әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталды.
Осындай оқу-жаттығу іс-шаралары төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруда маңызды рөл атқарады. Олар жауапты органдардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге, өзара үйлесімділікті нығайтуға және кез келген қауіп-қатерге дер кезінде әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталатын болады.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы


