Перейти к содержимому
Главная страница » Өрт сөндіру депосы ашылды

Өрт сөндіру депосы ашылды

Алматы облысының азаматтық қорғау жүйесі тағы бір заманауи нысанмен толықты. Шеңгелді ауылында жаңа өрт сөндіру депосының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл нысан төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір арттырып, ауыл тұрғындары мен жақын маңдағы елдімекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ардагерлер, облыстық ТЖД қызметкерлері, ауыл тұрғындары, сондай-ақ жобаға қолдау көрсеткен меценаттар мен серіктестер қатысты.

– Заманауи өрт сөндіру-құтқару инфрақұрылымын дамыту – министрліктің басым бағыттарының бірі. Жаңа бөлімшелер оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартады. Ал қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайын жасау құтқарушылардың жұмыс тиімділігін арттырады, – деді Шыңғыс Әрінов.

Қазақтың ізгі дәстүріне сай облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев көпшілікке ақ батасын берді. Меценат Сергей Горяный өз сөзінде «Халық үшін» қоғамдық қорының жаңа өрт сөндіру депосын салуға қосқан үлесін ерекше атап, алғысын білдірді.

Жобаны жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан құрылысшылар, серіктестер және жаңа нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтар ведомстволық медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

– Бүгін Шеңгелді ауылы үшін ерекше күн. Біз ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет ететін маңызды нысанды ашып отырмыз. Өрт сөндірушілердің дабылмен шығатын сәттері мүмкіндігінше аз болсын деп тілеймін. Енді ауыл тұрғындары қиын сәтте көмек дер кезінде келетініне сенімді болады. Баршаңызды депоның ашылуымен құттықтаймын және құрылысқа үлес қосқан әрбір жанға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Сергей Горяный.

Лента қиылғаннан кейін Шыңғыс Әрінов жаңа нысанды аралап көріп, қызметтік бөлмелерді, гараж бокстарын және аумақты аралап шықты.

Жаңа депо барлық заманауи талақа сай жабдықталған. Мұнда демалыс бөлмелері, душ, асхана, спорт залы және әкімшілік кабинеттер қарастырылған. Жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқаруына барлық қолайлы жағдай жасалған.

Қонақтар жаңа бөлімшенің материалдық-техникалық базасымен де танысты. Депода өрт сөндіру автокөліктері мен судағы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған құтқару қайығы да бар.

Ауыл тұрғындарының қуанышын еселеген салтанатты шара ән шашумен айшықтала түсті.

Алма Топантайқызы