Перейти к содержимому
Главная страница » Тәрбие – талбесіктен

Тәрбие – талбесіктен

Кеген ауданы әкімдігі мен «Қамқор-Кеген» Алматы облысының есту қабілеті нашар мүгедектері қоғамдық бірлестігінің қолдауымен Кіші Қарқара ауылында тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор кездесу өтті.

Шара Шырғанақ ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Роза Батырханованың ұйымдастыруымен жүзеге асып, «Тәрбие – талбесіктен: ұлттық дәстүр және заманауи отбасы» атты шеберлік сыныбымен жалғасын тапты.
Қазақ халқы үшін тәрбие – ұлттың ұстыны, рухани өзегі. Бесіктен басталған тәрбие адам өмірінің бағыт-бағдарын айқындап, елдік сананың қалыптасуына негіз болады. Осы мақсатта ұйымдастырылған шеберлік сыныбы да ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қазіргі отбасы тәрбиесімен ұштастыруға жол ашты.
Шара барысында аналар кеңесінің мүшелері ұлттық дәстүрді көрсетіп, маңызын кеңінен талқылап, бүгінгі қоғамдағы отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелеріне тоқталды. Әсіресе ұрпақ тәрбиесіндегі ананың орны, отбасы ішіндегі сыйластық пен бірлік, салт-дәстүрді сақтаудың тәрбиелік мәні ерекше айтылды. Қатысушылар ұлттық тәрбиенің негізі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, инабаттылық пен имандылық секілді қасиеттерді бала бойына сіңіру екенін атап өтті.
Шеберлік сыныбы барысында қатысушылар тек пікір алмасып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тәжірибелік жұмыстарға да белсене қатысты. Ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған тағылымды ойлар, өнегелі әңгімелер мен өмірлік тәжірибелер әр ананың жүрегіне жол тауып, көпшілікке рухани серпіліс сыйлады.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды жоғалтпай, ұрпақ санасына дәстүр мен тәрбиені қатар сіңіру – уақыт талабы. Осындай шеберлік сабақтары қоғамдағы отбасы институтын нығайтып, аналардың тәрбиелік әлеуетін арттыруға үлкен ықпал етеді.
Кіші Қарқара ауылында өткен бұл тағылымды шара ұлттық рухты жаңғыртып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды бастама болды. Тәрбие тамыры тереңде жатқанда ғана елдің болашағы баянды болмақ. Сондықтан да «Тәрбие – талбесіктен» деген дана сөз әрдайым өз мәнін жоғалтпай, әр шаңырақтың шамшырағына айналуы тиіс.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы