Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлттық мәдениет пен рухани жаңғырудың жаңа кезеңі

Ұлттық мәдениет пен рухани жаңғырудың жаңа кезеңі

23 тамызда өтетін кезекті Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы ел дамуының өзекті бағыттарын саралап, қоғамның көкейіндегі мәселелерді ортаға салатын маңызды алаңға айналары анық. Бұл жиынның басты ерекшелігі — халықтың үніне құлақ асып, түрлі сала өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлерін мемлекеттік шешімдермен сабақтастыра білуінде.
Мәдениет саласының өкілі ретінде Құрылтайда ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу, шығармашылық ортаны дамыту және жас таланттарды қолдау мәселелеріне айрықша назар аударылады деген ойдамын. Себебі мәдениет — халықтың тарихи жады, ұлттың рухани келбеті мен болмысын айқындайтын ең басты құндылықтардың бірі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетті сақтау бұрынғыдан да маңызды міндетке айналды. Ақпараттық кеңістіктің ықпалы күшейген заманда жастардың бойына ұлттық сана мен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Бұл бағытта мәдениет мекемелерінің атқаратын рөлі ерекше. Өнер арқылы өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық тарихқа құрмет, салт-дәстүрге адалдық қалыптасады.
Біздің мақсат — өткеннің асыл мұрасын сақтап қана қою емес, оны бүгінгі өмірмен үндестіріп, келер ұрпаққа заман талабына сай жеткізу. Сонда ғана ұлттық мәдениет өміршеңдігін жоғалтпай, қоғамның дамуына қызмет ете береді. Алда Құрылтайда көтерілетін бастамалар әрбір азаматтың қолдауымен жүзеге асарына сенеміз. Сондықтан мәдениет саласының мамандары да осы игі іске белсенді атсалысып, қоғамдағы рухани жаңғыру үдерісіне өз үлесін қоса беруі қажет.
Халқымыз «Өнер — ұлттың жаны» дейді. Ұлттық рухымызды асқақтатып, мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтай алсақ, тәуелсіздігіміздің тұғыры да нығая түсері сөзсіз. Бірлігі жарасқан, мәдениеті өркендеген елдің болашағы әрдайым жарқын болады.

Ұлпан Ербатырова,
«Алатау әуендері» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры