Перейти к содержимому
Главная страница » Жаңа депо өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Жаңа депо өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Қарасай ауданы Жібек жолы ауылында №16 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты салтанатты түрде ашылды. Рәсімге Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов және Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы қатысты.

Шыңғыс Сайранұлы өз сөзінде бүгіннен бастап бұл өрт сөндіру бөлімі 40 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігіне жауап беретінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін айтты.
Нысанның құрылысына үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірген министр марапаттау рәсімін өткізді. «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов пен Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрақынов марапатталды. Сондай-ақ «АзияАгроФуд» АҚ басқарма төрағасы Саян Ашеновке, жаңа өрт сөндіру бөлімінің жаттығу залына қажетті жабдықтарды толықтай алып бергені үшін және Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатовқа Алғыс хаттар табысталды.
Одан кейін Шыңғыс Әрінов №16 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Жандос Мырзағалиевке арнайы өрт сөндіру автокөлігінің кілтін және жаңа ғимараттың символикалық кілтін табыс етті.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы да жиналған қауымды жаңа өрт сөндіру депосының ашылуымен құттықтап, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан өрт сөндіру бөлімінің бірқатар қызметкерлеріне Алғыс хаттар тапсырды.
Жібек жолы ауылының қадірлі ақсақалы Тасыбай Қалмұратов игі бастамаға ақ батасын берді. Дәстүрлі лента қию рәсімінен кейін қонақтар жаңа өрт сөндіру депосының ерекшеліктерімен танысты. Нысан туралы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Рахман Кәрімжан баяндап берді.
Ғимаратта гараж бокстары, диспетчерлік және қабылдау бөлмесі, қарауыл бастығының кабинеттері, оқу сыныптары, жаттығу залы, асхана, киім ауыстыру және душ бөлмелері, демалыс бөлмесі, психолог кабинеті, сондай-ақ тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға қажетті инженерлік жүйелер қарастырылған.
Экскурсия барысында бұл жобаның азаматтық қорғау жүйесін дамыту және халықтың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылғаны атап өтілді. Құрылыс жұмыстары облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды.
Бас мердігер – Mir-a Construction компаниясы. Нысан орналасқан жер телімінің аумағы – 1,3 гектар, ал ғимараттың жалпы ауданы – 925 шаршы метр. Аумағы абаттандырылып, көгал төселген, шырша, қарағай, туя, қайың және үйеңкі ағаштары отырғызылған.
Рахман Кәрімжанның айтуынша, қазіргі таңда өрт сөндіру бөлімінде 18 қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын 30 адамға дейін жеткізу жоспарланған. Депо үш негізгі және бір қосалқы арнайы техникамен жабдықталған.
Жаңа өрт сөндіру депосының қызметкерлері Қарасай ауданының 13 елдімекенінде және Іле ауданының 3 елдімекенінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
№16 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Жандос Мырзағалиевтің айтуынша, жаңа депо төтенше жағдайларға ден қою жеделдігін арттырып, өңірдегі өрт қауіпсіздігі жүйесін нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғауға елеулі үлес қосады.
Алма ЕСЕНБАЙ