Жол қозғалысы – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Таңертең жұмысқа, оқу орнына немесе басқа да шаруамен жолға шыққан әрбір адам қауіпсіз межесіне аман-есен жетуді қалайды. Алайда бұл тек жүргізушілердің немесе құқық қорғау органдарының жұмысына ғана байланысты емес. Жолдағы қауіпсіздік – қозғалысқа қатысатын әрбір азаматтың жауапкершілігі мен тәртібіне тікелей тәуелді.
Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол жүру ережелерін елемеудің салдарынан орын алады. Белгіленген жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, көлік тізгінінде телефон қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе мас күйінде көлік басқару секілді әрекеттер орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Мұндай құқық бұзушылықтардың салдарынан адамдар жарақат алып қана қоймай, талай отбасы жақынынан айырылып жатады. Сондықтан жолдағы әрбір шешім адамның тағдырына әсер ететінін әр жүргізуші терең түсінуі тиіс. Жол қозғалысы мәдениеті жүргізушілермен ғана шектелмейді. Жаяу жүргіншілер де жол ережелерін қатаң сақтауға міндетті. Жолды тек арнайы өткелден кесіп өту, бағдаршамның рұқсат белгісін күту, жолға кенеттен жүгіріп шықпау – қарапайым көрінгенімен, адам өмірін сақтап қалатын маңызды талаптар. Әсіресе балалар мен қарт адамдардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.
Балаларға жол қозғалысы ережелерін ерте жастан үйретудің маңызы зор. Бұл бағыттағы тәрбиенің алғашқы іргетасы отбасында қаланады. Ата-аналар балаларына жолдан қалай дұрыс өту керектігін түсіндіріп қана қоймай, өздерінің де іс-әрекетімен үлгі көрсетуі керек. Бала үлкендердің тәртібіне қарап өсетіндіктен, ересектердіңжауапкершілігі екі есе артады. Көлік жүргізушілерінің техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтауы да маңызды. Көліктің жарамдылығын уақытылы тексеру, тежегіш жүйесінің, жарық шамдарының және дөңгелектерінің жағдайына мән беру жол үстіндегі қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік береді. Әсіресе қыс мезгілінде, жауын-шашынды немесе тұманды күндері жүргізушілер барынша сақ болып, қозғалыс жағдайына қарай жылдамдықты реттеуі қажет. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде профилактикалық жұмыстардың да орны ерекше. Құқық қорғау органдары тұрақты түрде түсіндіру шараларын өткізіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы ережелерінің маңызын түсіндіреді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылық анықтау ғана емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Қоғамда жол мәдениетін қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Заң талаптарын құрметтеу, өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарау және жол қозғалысының барлық қатысушыларына сыйластық таныту қауіпсіз орта қалыптастыруға негіз болады. Жолда асығыстыққа жол бермей, сабыр сақтап, тәртіпке бағынған адам өз өмірін ғана емес, өзгелердің де өмірін қорғайды.
Жол – бәрімізге ортақ. Сондықтан ондағы қауіпсіздік те бәрімізге ортақ жауапкершілік. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындап, қауіпсіздік талаптарын сақтаған жағдайда ғана жол-көлік оқиғалары азайып, қоғамда адам өмірі мен денсаулығы ең жоғары құндылық ретінде қорғалатын орта қалыптасады.
Құралбек Сәбитұлы

