Бағыт – жыр дүлдүлі Жамбыл бабамыздың туған ауылы. Мұнда ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Жамбыл» шекара бөлімі орналасқан. Біз бүгін қазақ-қырғыз шекарасын көздерінің қарашығындай күзетіп жүрген шекарашылардың қызметімен танысамыз. Ал «біз» дегеніміз, бұл – осы жолдардың авторы бастаған «Qonaev Media» өңірлік телеарнасының журналисі Жадыра Жалдыбаева мен оператор Дәурен Қажыбаев.
…Департаменттің қызметтік көлігі бізді діттеген жерімізге көзді ашып-жұмғанша «дік» еткізген. Журналистерді жылы қарсы алған бөлімше бастығы аға лейтенант Дарын Әукеновтің бастауымен ішке еніп, алдымен ұжымның тыныс-тіршілігімен таныстық. Қайда қарасаңыз да, әскери тәртіп пен тазалық салтанат құрған. Бөлімше бастығының қызмет бөлмесінде алда атқарылатын жұмыстарымыздың жоспарын пісенттеп алған соң мен бөлімше бастығы «біздің бетке ұстарларымыз» деп таныстырған сарбаздардың бірін сөзге тарттым. Өйткені, осынау жас шекарашы бірнеше минуттардан соң БАҚ өкілдеріне сұқбат беретін болады.
«Жақсы командир сарбазын зор етеді» демекші, офицер мақтауын асырған қатардағы жауынгер Руслан Кабулов әскерге дейін қазақша күрестен талай аламан бәйгелерге қатысып, жүлдегер атанған спорт шебері екен. Енді міне, өткен жылдың күзінде шекарашылар сапына алынып, бүгінде өзінің азаматтық борышын «Жамбыл» шекара бөлімшесінде өтеп жүрген шекарашы телеарна журналисімен ықыластана сұқбаттасуға дайын…
Айту керек, жамбылдық шекарашылар өткен жексенбі күні өздері күзететін қазақ-қырғыз шекарасы арқылы Қазақстан аумағына заңсыз өткен көрші қырғыз елінің азаматын ұстаған болатын. Ал соның алдында ғана ел шебінде қызмет атқарып жатқан шекара наряды тау жолдары арқылы өзінің туған жеріне жасырын өтпекші болған жателдік әйелді құрықтағаны белгілі.
…Бөлімшедегі түсірілім жұмыстары аяқталған соң ел шебінің жол талғамайтын «Уаз» автокөлігімен шекараға аттанып кеттік. Өйткені, таудың «оқтай түзу» деуге келмейтін жолдарына осы темір тұлпар ғана шыдас бере алатын еді. Мақсат, мемлекеттік шекараға небәрі бірнеше шақырым жерде тұрған шекаралық постқа жетіп, барлау-із кесу тобы туралы түсірілім жасау. Бәрінен бұрын, айтылған аумаққа жету үшін бізге небір өткелектен өтіп, табиғаттың «сынағына» шыдас беруге тура келген… Бірақ алдымыздағы қайқайып жатқан құбажон қыраттар таусылар емес. Бір белестен соң… бір белес. Шеті де, шегі де жеткізбейтіндей көрінеді адамға. Жалғыз көлік сиятын соқпақ – жардың шетінде. Сондықтан, мұндай қатерлі жолмен тек жүрек жұтқан жүргізушінің жүре алатыны хақ. Өзі де солай болып шыққан. Осындайда журналистерді таудағы постқа жеткізген келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгері Аман Қойшыбаевтың жанкештілігіне еріксіз риза болғандайсың. Қимылында дамыл жоқ. Өзі тізгіндеген Уаз-ды ұршықша үйіріп келеді. Дүние тым-тырыс. Қала мен ауылдың қапырығынан ада таудың іші марғау тіршілікке бөгіп тұр.
Жолай, бірнеше мәрте тоқтауға тура келген. Әріптес журналистерге біздің шекарашы инженерлер өткен жылы пайдалауға берген көпірлерді көрсету үшін. Таудан құлап аққан өзендердің үстіне салынған мұндай өткелдердің пайдасын шекара наряды ғана емес, жергілікті малшы ағайындар да көріп жатқанын да құлағдар етуді өзіміздің міндетіміз санағанымызды несін жасырайық…
…Осылайша, тоғыз көпірден өтіп, әрі қарай, біресе көтеріліп, енді бірде төмен құлдилаған күйі шекаралық постқа жеткенімізде сағаттың тілі түскі екілерді көрсетіп тұр еді. Дәл уақытында келіппіз. Барлау-із кесу наряды аттарын ерттеп, мемлекеттік шекараға қарай аттанғалы жатыр екен. Осыны көре салып, бірден өзінің бейнекамерасына ұмтылған оператор Дәурен Қажыбаев атты шекарашылардың әбжіл қимылдарын алдынан да, артынан да түсіруге кіріскен. Осылайша, шекараны шолуға аттанған шекара нарядын біраз жерге дейін «шығарып» салған Дәурен постқа риза кейіппен оралған.
Әрі қарай, кезек тележурналист Жадыраға тиген. Еліміздегі шоқтығы биік білім ордаларының көшін бастап тұрған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген әріптесіміз де өз ісінің әмбебабы болып шықты. Бейнекамераның алдында тосылған жоқ, «дәл қазір өзінің қазақ-қырғыз шекарасына бес шақырымдай жерде тұрғанын» айта келіп, арасында мойнына асып алған дүрбісімен төңіректі шолуды ұмытпаған… Осының барлығы өңір халқының назарына ұсынылатын жаңалықтар қоржынын толтырып жатыр еді.
Санаулы минуттардан соң қайта жолға шықтық. Алайда дәл сол сәт біз өзімізді алда қалың нөсердің күтіп тұрғанын білген жоқпыз. Есесіне, «қанжығамызда» қандай материалдар бар десеңізші!.. Шекарашылардың рухын көтерген!
Тамара Дәулетбаева,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті

