Перейти к содержимому
Главная страница » Адвокатураның конституциялық мәртебесі айқындалды

Адвокатураның конституциялық мәртебесі айқындалды

жаңа конституция

Адвокатура – құқықтық мемлекеттің ажырамас институты. Ол адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан адвокатураның мәртебесін Конституцияда жеке бапта бекіту – демократиялық қоғамның талаптарына сай келетін өзекті мәселе.
Жаңа Конституция негізгі өзгерістердің бірі – адвокатураның рөлі мен мәртебесін күшейту саналады. Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының 86-бабы мынадай редакцияда көзделген:
Біріншіден, Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу құқығын және заң көмегін алу құқығын іске асыруға жәрдемдеседі. Заң көмегін адвокаттар мен өзге тұлғалар заңға сәйкес көрсетеді;

Екіншіден, Адвокат қызметін жүзеге асыру тәртібі, адвокат құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы заңда айқындалады».
Жаңа Конституцияның 86-бабында адвокатура институтының конституциялық деңгейде бекітілуі – білікті заң көмегін алу құқығын ең жоғары құқықтық деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған іргелі жаңашылдық саналады. Аталған шара адвокаттардың процестік мәртебесін нығайтуға, олардың тәуелсіздігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғаудың декларативтік емес, нақты кепілдіктерін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жалпы алғанда, адвокатураны Қазақстан Республикасының Конституциясында конституциялық тұрғыдан бекіту оның институционалдық мәртебесін арттырып қана қоймай, сот арқылы қорғалуға және заң көмегін алуға құқықтың кепілдіктерін күшейтеді, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің міндетін айқындай отырып, адвокаттық қызметтің заңнамалық негіздерін белгілейді.

Ж. ЖАҚАШОВА,
Еңбекшіқазақ аудандық сотының судьясы