Еңбекшіқазақ ауданында елімізде баламасы жоқ жаңа жоба іске асты. Есік қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында «ақылды» жаяу жүргінші өткелі орнатылды. Жоба жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану арқылы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол қозғалысына қатысушылар үшін заманауи, әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Ақылды өткел «Есік-Саймасай» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 5,3-шақырымында, Алтыншы саяжайға кіреберіс аумақта орнатылды. Оның себебі – мұнда халық көп шоғырланған, саяжайдан шығатын орталық көшенің, әрі мектептің маңы. Бұл тұста он шақты жыл бұрын жерүсті өткелі салынған еді. Алайда баспалдақпен көтеріліп-түсу қарт кісілерге қиындық тудыратындықтан көпшілік жолды кесіп өтуді әдетке айналдырған. Тиісінше, аталған жол бөлігінде оқыс оқиғалар орын алып тұрады.
Былтыр күзде Еңбекшіқазақ аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері ауданда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жарықтандырылған жаяу жүргіншілер жолын жасау бойынша жоба әзірлеуді қолға алған. Өйткені түнгі уақытта жаяу жүргіншілер жолдары жарықтандырылғанымен, ол жерлерде жол-көлік оқиғалары аракідік тіркеліп тұрды, яғни жарықтандырылған жол жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмады. Бұл жағдай мәселені тек жолды жарықтандырумен шектелмей, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін кешенді түрде қамтамасыз ету қажеттігін көрсетті.
«Осыған байланысты жолдың көрінуін арттыратын, жүргізушілердің назарын дер кезінде аударатын және жаяу жүргіншілердің жолдан қауіпсіз өтуіне мүмкіндік беретін жаңа шешімдерді қарастыра бастадық. Жаңа технологияларды енгізе отырып, заманауи жоба дайындау керек деген оймен лазерден «қабырға жасау» идеясы келді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолаққа адам аяғы тиген сәтте оның екі жағында лазер қабырға пайда болады. Жолдың екінші бетіне дейін созылатын бұл қабырға қып-қызыл болып жанады. Ал қызыл түс жүргізушіге белгі беріп, көлік жылдамдығын дереу тежеу керектігін білдіреді. Бұл қабырға жүргізушінің алдына «тосқауыл» ғана емес, жаяу адамның жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, асып-саспай, жолдан жүгірмей өтуіне жағдай жасайды», – дейді жоба авторы, Еңбекшіқазақ аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержігіт Сәрсенбиев.
Иә, статистикаға жүгінсек, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбіне адамдардың «үлгеремін» деген оймен жолдан жүгіріп өтуі салдарынан болатын көрінеді. Сондай-ақ тұманды, жаңбыр мен қарлы күндері жол-көлік оқиғаларының саны артатынын ескерсек, ақылды өткел келеңсіз ауа райында да алыстан көзге жақсы көрініп тұрады, яғни жүргізушілер өткеліне алдын ала назар аударып, жылдамдықты төмендетуге мүмкіндік алады.
Жобаны арнайы келіп көріп, жоғары бағалаған облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мүмкіндік болса, мұндай өткелді өңірдің барлық елдімекенінде орнату керектігін айтып отыр.
Бүгінде екі ақылды өткел әзірленген. Былтыр күзде қолға алынған жоба барысында қажетті құрал-жабдықтар жинақталып, байқау өткізіліп, «SOCCO» ЖШС жобаны іске қосқан. Алтыншы саяжайдағыдан бөлек, жақын уақытта екінші өткел Есік қаласындағы Уәлиханов көшесінде, Жамбыл атындағы саябақтың тұсына орнатылмақ.
«Егер бұл жобаның нәтижесі ойдағыдай болып жатса, аудан көлемінде осындай өткелдер орнату жоспарымызда бар» деген Ержігіт Ерланұлы: «Ойымды толық түсініп, жобаны жүзеге асырып берген мердігер мекемеге айтар алғысым шексіз. Көп жылдан бері жол саласында қызмет етіп келе жатқан соң осы салаға, жалпы, еліміздің алға қарыштауына кішкентай болса да, үлесімді қосу – азаматтық, әрі кәсіби борышым. Кеше ғана облыстық полиция департаментінің қызметкерлері келіп көріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ақылды өткелдердің оң нәтиже беретінін айтып, қолдау білдіріп жатыр. Келешекте еліміздің әр өңірінде ақылды өткелдер салынып жатса, құба-құп», – дейді.
Көлік саны күннен-күнге артып жатқан уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын алып, азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін арттыру – бүгінгі маңызды мәселенің бірі.
Осы орайда түйіткілді мәселенің тиімді шешімін тауып, өзі қызмет етіп жатқан салаға барынша жанашырлық танытқан жерлесіміздің тың жобасы мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы

