Алматы облысында тұрғындардың баспана мәселесін шешуге бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – «Алатау» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы жалғасуда. Бағдарлама азаматтарға қолжетімді ипотека арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және білікті мамандарды ұстап қалуға бағытталған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Жанғазы Жанабаев пен «Отбасы банк» Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Анар Естияр мәлімдеді.

Жанғазы Жанабаевтың айтуынша, «Алатау» бағдарламасы Алматы облысы әкімінің қолдауы және бастамасымен жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы бағдарлама аясында жалпы құны 3,7 млрд теңге бөлініп, оның 3,5 млрд теңгесі игерілген. Нәтижесінде 132 отбасы баспаналы болған. Өткен жылғы бағдарламаны іске асыру барысында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен ескертулер түскен. Осыған байланысты биыл тұрғындардың бағдарламаға қатысу мүмкіндігін кеңейту және талаптарды жетілдіру мақсатында бірқатар өзгеріс енгізілді.
Атап айтқанда, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 24 ай ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйі болмауы тиіс. Бұл талап ортақ бірлескен немесе үлестік меншіктегі тұрғын үйге, сондай-ақ сатып алу құқығымен жалға алынған баспанаға да қатысты. Сонымен қатар әлеуметтік санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған өзгерістер қарастырылған. Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерінен де өтінім қабылданады. Жесір қалған азаматтарға бұрын берілмеген екі балл толық есептеледі. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған қатысушылар қажетті құжаттарын ұсынған жағдайда қосымша балл ала алады. Сондай-ақ асырап алған балалары бар азаматтардың бала саны тиісті құжаттармен расталған жағдайда іріктеу кезінде есепке алынады.
Бағдарламаның негізгі талаптары туралы «Отбасы банк» Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Анар Серікқызы да айтып өтті.
«17 тамыздан бастап Алматы облысында «Алатау» бағдарламасы іске қосылады. Бағдарламаға Алматы облысының тұрғындары қатыса алады. Әкімдік тарапынан бағдарламаға қатысуға жолдама алған азаматтар кейін «Отбасы банкте» несие бойынша квалификациядан өтеді», – деді ол.
Оның айтуынша, банк тарапынан бағдарламаға қатысушыларға ипотекалық несие беру рәсімі жүргізіледі. Несие алудың ең жоғары сомасы – 30 млн теңге. Ипотекалық қарыз жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі, ал бастапқы жарна көлемі 10 пайызды құрайды.
Маңызды талаптардың бірі – бағдарлама аясында тұрғын үйді тек Қонаев қаласының бастапқы нарығынан сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. «Алатау» бағдарламасы бойынша өтінімдер 2026 жылғы 17 тамыздан бастап қабылданады. Құжаттар Қонаев қаласындағы «Шахнур» бизнес орталығында қабылданады. Азаматтар дүйсенбі-жұма күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін өтініш бере алады. Бағдарламаға қатысқысы келетін азаматтар үшін ең маңызды қадамдардың бірі – алдымен әкімдік белгілеген талаптарға сәйкес келіп, бағдарламаға өткені туралы жолдама алу. Осы жолдама негізінде «Отбасы банкке» жүгініп, несие рәсімдеу кезеңінен өтуге мүмкіндік беріледі.
Мамандардың айтуынша, бағдарлама талаптарының жетілдірілуі тұрғындардың баспана алу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Әсіресе әлеуметтік осал топтарды, көпбалалы және бала тәрбиелеп отырған отбасыларды, сондай-ақ өңірдегі маңызды салаларда еңбек етіп жүрген мамандарды қолдауға басымдық берілмек. Қолжетімді ипотеканың іске қосылуы – тұрғын үй мәселесін шешумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал ететін маңызды қадам. Себебі тұрақты баспананың болуы азаматтардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, еңбек ресурстарын өңірде сақтауға мүмкіндік береді.
Осылайша, «Алатау» тұрғын үй бағдарламасы биыл да Алматы облысы тұрғындары үшін баспаналы болудың тиімді тетіктерінің біріне айналмақ. Азаматтарға бағдарлама талаптарымен мұқият танысып, қажетті құжаттарын алдын ала дайындау ұсынылады.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

