Перейти к содержимому
Главная страница » «АСАУ–2026»: Дронмен барлау кезеңінде әскери шеберлік сыналды

«АСАУ–2026»: Дронмен барлау кезеңінде әскери шеберлік сыналды

Қонаев гарнизоны прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған «АСАУ–2026» әскери-патриоттық жобасының үшінші кезеңі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде өтті. Бұл кезең заманауи әскери дайындықтың маңызды бағыты – дронмен барлау жүргізу дағдыларына арналды.

Сайыс барысында қатысушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, белгіленген нысандарды анықтау, дәлдік пен уақытқа жұмыс істеу, барлау тапсырмаларын орындау бойынша өзара бақ сынасты. Қатысушылардың теориялық білімі мен практикалық дайындығы жан-жақты бағаланды.

Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Асхат Арлан жоғары шеберлік танытып, кезеңнің үздік қатысушысы атанды. Ол тапсырмаларды сапалы әрі қысқа мерзімде орындап, әскери дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті.

Іс-шараның құрметті қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы, Әлем кубогының үш дүркін жеңімпазы, бразилиялық джиу-джитсудан Азияның екі дүркін чемпионы, сондай-ақ халықаралық ММА ареналарында ACA, Eagle FC және өзге де беделді ұйымдарда өнер көрсеткен Арман Әріпханұлы Оспанов болды.

Белгілі спортшы жас сарбаздармен кездесіп, әскери қызметте тәртіптің, табандылықтың және үздіксіз еңбектің маңыздылығына тоқталды. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, Отан қорғау жолындағы қызметтеріне табыс пен биік жетістіктер тіледі.

«АСАУ» жобасының авторы, Қонаев гарнизоны прокуратурасының өкілі Зұлқашев Қуаныш Әлиұлы жарысқа қатысушылардың дайындығына жоғары баға беріп, барлық сарбаздарға сәттілік тіледі. Ол мұндай жобалардың әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жетілдіріп қана қоймай, олардың патриоттық рухын нығайтуға және заманауи әскери технологияларды меңгеруге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дронмен барлау кезеңіне дайындық жұмыстары бір апта бойы жүргізілді. Осы уақыт ішінде 6654 әскери бөлімінің офицері капитан Оралжанов Айбек қатысушыларға ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқарудың теориялық және практикалық негіздерін үйретіп, олардың кәсіби машықтарын жетілдіруге елеулі үлес қосты. Оның тәжірибелі жетекшілігі сарбаздардың жоғары нәтиже көрсетуіне ықпал етті.

«АСАУ–2026» жобасы әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын арттыруға, олардың кәсіби қабілеттерін дамытуға және әскери қызметтің беделін көтеруге бағытталған маңызды жоба ретінде өз жалғасын табуда. Жобаның әр кезеңі қатысушылардың төзімділігі мен шеберлігін шыңдап, әскери ұжым арасындағы ынтымақтастық пен бәсекелестікті нығайтуға қызмет етеді.
Мақаланы жазған:6654 әскери бөлімінің бөлініс бастығы кіші сержант Қырғызбай Альбина Қайратқызы