Перейти к содержимому
Главная страница » Аспан мерекесі ажарлана түсті

Аспан мерекесі ажарлана түсті

Байсеркеде өтіп жатқан «Байсерке аспаны – 2026» авиашоуы авиация әуесқойларын ғана емес, музыка мен отбасылық демалысты ұнататын көпшілікті де бір алаңға жинады. Қазіргі сәтте мерекелік алаңға ағылған тұрғындар мен қонақтардың қарасы көбейіп, шараның қыза түскені байқалды. Мұнда балаларымен келген отбасылар да, жастар да, авиацияға қызығушылық танытқан көрермендер де бар. Авиациялық көрсетілімдермен қатар, мерекелік бағдарламада концерт, сахналық қойылымдар, түрлі ойындар мен көңілді жарыстар ұйымдастырылды. Балалар үшін де қызықты ойын-сауық түрлері қарастырылып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мерекелік алаңда келушілер үшін демалып, уақытты мазмұнды өткізуге мүмкіндік мол. Бірі аспан төріндегі ұшақтарға көз тіксе, енді бірі отбасымен бірге түрлі ойындарға қатысып жатты. Шараның тағы бір маңызды бөлігі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы.

Авиашоу өтетін аумақта тазалық жұмыстары жүргізіліп, ұйымдастырушылар қоршаған ортаның тазалығына ерекше мән беруде. Қатысушылар мен қонақтарды таза әрі жайлы ортада қарсы алу үшін аумақты жинастыру, қоқысты реттеу және тазалықты сақтау жұмыстары тұрақты жүргізіліп отыр.

Осылайша «Байсерке аспаны – 2026» шарасы музыка мен көңіл көтеру бағдарламаларымен ұштастырылып, көпшілікке арналған мазмұнды отбасылық демалыс алаңына айналды.

Құралбек СӘБИТОВ