
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Биыл Қазақстан мен Үндістан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толды. Алматы облысы мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 30,7 млн АҚШ долларына жетіп, 24%-ға өскен. Бүгінде облыста Үндістан капиталының қатысуымен 5 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар қос тарап бірігіп құрған 4 кәсіпорын бар. Қазіргі таңда өңірде Үндістан инвесторларының қатысуымен жалпы құны 278 млрд теңге болатын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 4 225 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Екі жоба да Қонаев қаласында туризм және білім беру саласын ілгерілетуге бағытталған.
– Үндістан заманауи технологиялық және индустриялық кластерлерді дамытуда айтарлықтай тәжірибеге ие. Бангалор, Хайдарабад және Ченнай сияқты орталықтар соның айқын дәлелі. Алатау қаласында ірі жобаларды іске асыру және Қонаев қаласын дамыту барысында Үндістанның озық тәжірибесін зерделеп, инжиниринг, цифрлық технологиялар, инфрақұрылым салаларында үндістандық компаниялармен ынтымақтастықты арттыра аламыз деп сенеміз. Біз өз тарапымыздан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Марат Елеусізұлы.
Сайлас Тангал екі ел арасында достыққа негізделген берік байланыс орнағанын атап өтті. Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди Қазақстанға екі рет сапар жасаған, ал ол елге Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов биыл ақпан айында барған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Үндістанда өтетін саммитке қатысуы мүмкін. Сайлас Тангал өз сөзінде Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі жандандыруға ниетті екенін жеткізді. Осы мақсатта биыл наурыз айынан бері Қазақстанға бірнеше ірі іскерлік делегация келген. Олардың қатарында фармацевтика, зергерлік бұйымдар мен өнеркәсіп салаларының өкілдері бар. Алдағы уақытта тағы бір ірі делегация Қазақстанға келеді деп жоспарланып отыр. Бұл шара қазан айында өтуі мүмкін. Сапар барысында үндістандық компаниялар өңірдегі инвестициялық жобалармен танысып, іскерлік кездесулер өткізеді.
Кездесу соңында қос тарап өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдіріп, алдағы міндеттерді айқындады.
Гүлзат БАЙҚОНЫС

