Перейти к содержимому

Балаларға шаттық сыйлаған

27 қаралым

Жазғы демалыс – әрбір баланың асыға күтетін, қуаныш пен қызыққа толы ерекше кезеңі. Шығармашылық қабілеттерін шыңдап, таным көкжиегін кеңейтетін тамаша мүмкіндік. Сондықтан олардың бос уақытын тиімді өткізуде сауықтыру лагерінің орны ерекше.

Биыл да Балқаш ауданында ұйым­­дастырылған жазғы лагерь жүздеген оқушыға ұмытылмас әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Осы ретте Ақдала орта мектебінде «Бақытты балалық шақ әлемі» атты мектеп жанындағы «Балдәурен» сауықтыру лагерінің үшінші кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. Аталған шараға Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Данияр Нұрманов, Ақдала ауылдық округінің әкімі Нұрбол Нарбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнара Мұқымова арнайы қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шарада алғашқы сөз кезегін алған Данияр Нұрманов өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.
«Ауданымызда бүгінде 22 мектеп жұмыс істейді. Онда 4975 оқушы білім алып, 803 педагог еңбек етуде. 2025-2026 оқу жылында 346 түлек мектеп бітіріп, олардың 282-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ал жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 382 оқушы қабылданады. Жазғы демалыс кезінде 1277 оқушыны лагерьмен қамту жоспарланған. Оның 165-і Жамбыл ауданындағы «Тау Land» лагерінде демалса, қалған 1112 оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде тынығуда. Қазіргі таңда аудан бойынша 1222 бала жазғы демалысын көңілді әрі мазмұнды өткізуде», – деді ол.
Ақдала ауылдық округінің әкімі Нұрбол Ақылбекұлы балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалысын ұйымдастыруға атсалысып жүрген ұстаздар мен лагерь ұжымының еңбегіне ризашылығын білдірді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Шыбықбаев та ақжарма тілегін арнап, ақ батасын берді.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, өнерлі оқушылар әсем әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат, футбол жарыстары, сурет салу байқауы ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге тегін балмұздақ таратылды.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышы бұл күннің есте қаларлықтай өткенін айқын аңғартты.

Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы