Қарасай ауданында тұратын 20 отбасы қуанышқа кенелді. Аудан әкімі Жасұлан Естенов «Елтай» және «Қарлығаш» тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтерлердің кілттерін әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарға табыстады.
Баспана бақытына ие болу – әр отбасы үшін өміріндегі маңызды әрі қуанышты сәттердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар Қарасай ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Тұрғын үй құрылысын дамыту және азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес.
Жасұлан Тоққожаұлы пәтер иелерін қуанышымен құттықтап, аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Айта кетер болсақ, ресми мәлімет бойынша бүгінде Қарасай ауданында тұрғын үй кезегінде 13 036 азамат тіркелген. Оның ішінде 6 915 азамат әлеуметтік жағынан осал топтар санатына жатады. Оларды баспанамен қамту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Осылайша, 2024 жылы 88 отбасы, ал былтыр 73 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанамен қамтамасыз етілген. Биыл жыл басынан бері 203 отбасы жаңа пәтер иесі атанды. Бүгінгі таңда «Елтай» және «Қарлығаш» тұрғын үй кешендеріндегі тағы 20 отбасы қоныс тойын жасамақшы. Сонымен қатар жыл соңына дейін аудан бойынша тағы 66 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
Аталған жұмыстар халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға және әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Жаңа баспана иелерін қуаныштарымен құттықтап, шаңырақтарына құт-береке тілейміз!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы