Ел тарихындағы ерекше күндердің бірі Құрылтай сайлауында Ұйғыр ауданы Шарын ауылдық округіндегі №918 сайлау учаскесінде ауыл шаруашылығы саласының өкілдері ерекше бастамамен көзге түсті. Жергілікті шаруа қожалықтарының еңбеккерлері ауыл шаруашылығы техникаларымен сайлау учаскесіне келіп, ел өміріндегі маңызды шараға белсенді қатысты.
Дала жұмысының қызған шағына қарамастан, шаруалар өз азаматтық міндетін орындауды кейінге қалдырмады. Егін егіп, жер өңдеп, мал шаруашылығымен айналысып жүрген еңбек адамдарының ұйымшылдықпен сайлауға қатысуы көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Сайлау учаскесіне тракторлар мен басқа да ауыл шаруашылығы техникаларымен келген шаруалардың көрінісі ауыл тіршілігі мен елдік таңдаудың өзара сабақтастығын айқын көрсетті. Бұл – маңдай терімен туған жердің берекесін еселеп жүрген еңбек адамдарының қоғамдық өмірге де белсенді араласатынының белгісі.
Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан ел болашағына бейжай қарамай, маңызды қоғамдық шараға қатысқан шаруа қожалықтарының өкілдері өздерінің азаматтық белсенділігін танытты.