Халықаралық жастар күніне орай Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «JASTAR ALANY – жаңа мүмкіндіктер мекені» атты этнофорум өтті.
Түрген шатқалындағы «Түрген сай» демалыс орнында ұйымдастырылған шараға Есік қаласы мен ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар, студенттер, ауданның белсенді жастары, этно-мәдени бірлестіктер мен ақсақалдар және аналар кеңестерінің мүшелері қатысты.
Жастардың шығармашылық және көшбасшылық қабілетін дамыту, қоғам ісінде белсенділігін арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттай отырып, жастардың ұлттық болмыспен сусындап өсуіне негіз қалыптастыруды мақсат еткен этнофорумға қатысушылар ұлттық киіммен келіп, іс-шараның көркін кіргізді.
Ұлттық құндылыққа негізделіп, тәлім-тәрбиені өзек еткен форум жастар үшін қызықты ғана емес, барынша мазмұнды ұйымдастырылды. Табиғат аясында этноауыл құрылып, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар өткізілді. Сонымен қатар қолөнер жәрмеңкесі, сурет көрмесі, түрлі шеберлік сағаттары және шығармашылық бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, әр тағамның жасалу жолымен танысты.
Іс-шара барысында облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметов ел болашағы жалынды да белсенді жастардың қолында екенін атап өтті. Өз сөзінде ол өскелең ұрпақтың білімге, еңбекке, шығармашылыққа ұмтылып, қоғамның дамуына белсенді үлес қосуының маңызына тоқталды. Сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айжан Әбіт форум қатысушыларын мерекемен құттықтап, жастарға сәттілік пен жаңа мүмкіндіктер тіледі. Құттықтау сөздерден кейін бірқатар белсенді жастарға марапаттар табысталды.
Этнофорумның көркін шығармашылық бағдарлама да қыздыра түсті. Ауданның өнерлі жастары, әншілер жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ән мен биден шашу шашты. Жастар ұлттық ойындар мен спорттық сайыстарда өзара бақ сынап, ұйымшылдық, шапшаңдық және достық пен бірлікті паш етті.
«JASTAR ALANY – жаңа мүмкіндіктер мекені» этнофорумы жастардың басын біріктіріп, мәдени мұраны құрметтеуге және жас буынның қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған мазмұнды іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы

