Перейти к содержимому

Елдің ертеңі – бүгінгі таңдауымыздан басталады

28 қаралым

Сайлауға қатысу – ел ертеңіне алаңдайтын азаматтың нақты әрекеті. Өйткені азаматтық ұстаным тек пікір айтумен шектелмеуі керек. Әлеуметтік желіде өз ойыңды білдіру, айналаңдағы мәселеге алаңдау маңызды. Бірақ сол пікірді нақты азаматтық әрекетпен бекіту одан да маңызды. Сайлау – соның бір көрінісі.
Құрылтай депутаттарын салйлау өтетін 23 тамыз күні – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір отандасымыз дауыс беріп, мемлекеттің жаңа бағытын айқындауға атсалысатыны мәлім. Ел дамуының жаңа кезеңі қарсаңындағы дәл сол күн – халық жаңа таңдау жасайтын тарихи күн. Кейде адамдар саясаттан алыс жүруді өзіне тиімді деп қабылдайды.

«Мен өз жұмысыммен айналысамын, елдің мәселесін басқалар шешеді», – деген түсінік кездеседі. Бірақ қоғамда болып жатқан өзгерістердің барлығы біздің күнделікті өмірімізге әсер етеді. Экономикадағы жағдай кәсіпкерге әсер етеді. Білім беру жүйесі баланың болашағына әсер етеді. Заң мен тәртіп әр отбасының тыныштығына әсер етеді. Демек, елдегі қоғамдық өзгерістердің ешқайсысы қарапайым азаматтан бөлек тұрған дүние емес. Сондықтан елдің ертеңіне бейжай қарамау, ең алдымен өзіңнің азаматтық жауапкершілігіңді сезінуден басталады.
Құрылтай сайлауы да осы жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік беретін маңызды кезең деп ойлаймын. Әр азамат өз дауысын саналы түрде берсе, бұл қоғамның саяси мәдениетінің де қалыптасуына ықпал етеді. Ал сайлауға қатыспау арқылы біз өз таңдау құқығымызды пайдаланбай ғана қоймаймыз, қоғамның болашағына қатысты пікірімізді білдіру мүмкіндігін де жіберіп аламыз. Әсіресе, жастардың сайлауға белсенді қатысуы маңызды. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі қоғамның негізгі қозғаушы күші. Қазір қабылданып жатқан шешімдер олардың өміріне, кәсібіне, отбасына, болашақтағы мүмкіндіктеріне әсер етеді. Сондықтан жастар «бұл үлкендердің мәселесі» деп сырт қалмай, елдің қоғамдық өміріне өз көзқарасын білдіруі керек. Сонымен бірге аға буынның да тәжірибесі маңызды. Өмірден көргені, елдің талай кезеңін өткергені бар азаматтардың қоғамға деген көзқарасы қалыптасқан. Ал жастардың жаңашылдығы мен аға буынның тәжірибесі бір-бірін толықтырғанда ғана қоғамның дамуы орнықты болады.
Менің ойымша, сайлаудың ең үлкен маңызы – азаматқа таңдау жасау құқығын ғана емес, сол таңдау үшін жауапкершілік алу мүмкіндігін беруінде. Біз кімге сенім білдірсек, соның жұмысына кейін өзіміз де баға береміз. Сондықтан бүгінгі таңдауды ертең ұмытып кетпей, оған жауапкершілікпен қараған жөн.
Ел болашағы бір ғана адамның немесе бір ғана топтың қолында емес. Ол – миллиондаған азаматтың күнделікті еңбегі, таңдауы, жауапкершілігі арқылы қалыптасады. Сондықтан Құрылтай сайлауына қатысу да осы үлкен жауапкершіліктің бір бөлігі деп қабылдауымыз керек.
Елдің ертеңі бізден алыста тұрған дүние емес. Ол – бүгінгі таңдауымыздан басталады. Сондықтан әр азамат өз дауысын жай ғана бюллетеньдегі белгі деп емес, ел болашағына қосқан азаматтық үлесі деп қабылдаса екен деймін. Меніңше, саналы қоғамның басты белгісі де өз болашағына өзі немқұрайды қарамауы.

Нұрлан ТҮЙМЕЛИЕВ,
Алматы облыстық мәслихатының депутаты