Перейти к содержимому
Главная страница » Гендер пати: той көбейіп, тәрбие кеміді ме?

Гендер пати: той көбейіп, тәрбие кеміді ме?

Қазақ – ежелден салт-дәстүрі қалыптасқан, тілі мен ділін биік қойған ел. Қаншама тарихи кезеңнен өтсе де, ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, ата-бабаларымыздың ұлы мұраты – еркіндікті ұрпаққа мұра етуді мақсат тұтқан. Десек те, әлемде орын алып жатқан түрлі үрдіс біздің бүгінгі тіршілігімізге әсер етпей қойған жоқ. Соңғы уақытта жастар, тіпті, біздің қазақы дүниетанымымызға мүлде қатысы жоқ, жат елдің қаңсығын таңсық көріп, әсіреқызылға еліктеп барады.

Біз тілге тиек етіп отырған «Гендер патидің» қазақ қоғамына енгеніне бірнеше жыл өтті. Әлеуметтік желі арқылы құрсаққа біткен шарананың ұл не қыз екенін көпшілікке жариялау болашақ ата-аналар мен олардың туыстарына қызық болғанымен, бұл үрдіс ұлтымызға керек пе, оның қандай тәрбиелік мәні бар деген сұрақ мазаламай қоймайды.
Gender Reveal Party – жүктілік кезінде болашақ сәбидің жынысын жақындарының арасында анықтауға арналған кеш. Дәстүрімізге жат бұл шараның шығу тарихына үңілсек, алғаш рет 2000 жылдардың аяғында АҚШ-та пайда болған. 2010 жылдан бастап «Гендер патидің» кең тарауына YouTube, Instagram, Pinterest сынды әлеуметтік желілер ықпал етті. Шағын мерекені көбіне америкалық ақ нәсілді орта тап өкілдері өткізген. Нақтырақ айтсақ, алғаш рет Дженна Карвунидис 2008 жылы торт кесу арқылы «гендер пати» жасаған. Ақпарат құралдары жариялағандай, болашақ ана үш рет түсік тастағаннан кейін осындай рәсім өткізуге шешім шығарыпты. Ол дәрігердің баланың жынысы жазылған конвертін кондитерге ұсынып, соған сай тортқа тапсырыс берген. Жиналғандардың алдында тортты кесіп, ішіндегі түс арқылы қыз екенін әлеуметтік желіге жариялайды. Көпшілік арасында жаңа тенденция тез тарайды. Сөйтіп, 2009 жылы YouTube желісіне осындай тақырыптағы видеолар жүктелген. Яғни Gender Reveal Party түрленіп, басқаша дизайнда өткізіле бастаған. Басында көк немесе қызғылт түсті бояу қосылған торт дайындалса, кейіннен оның қатарына отшашу, шар, баннер сынды көрнекіліктер қосылыпты. Бірақ Дженна Карвунидис баланың жынысын шектеулі қалыпқа, яғни қызға қызғылт, ұлға көк түсті телудің дұрыс емес екенін айтып, өкініш білдірген.
Жағымсыз әдет тез жұғады. Өзіміздің ұлағатқа толы ұлттық тойымызға қатысы жоқ үрдісті жастар бірден сіңіріп алды деп ренжігенімізбен, оларды жөнге салатын ересектердің өзі сол рәсімнің бел ортасында жүр. Соңғы уақытта аяғы ауыр әнші, әртіс, блогерлердің істеген әрекеттерін қайталаушылар көп. Ең сорақысы, жүктілікті анықтайтын тест-жолақты тосынсый ретінде қорапқа салып, дастарқан басында күйеуіне, әке-шешесіне немесе ата-енесіне ұсынады. Осыдан кейін келін ата-ененің бетіне қалай қарайды? Мұндайды көргенде, тіпті Абай айтқан «Бетті бастым, тұра қаштым жалма-жан…» деген күйге түсетініміз жасырын емес. Сол жерде отбасының кішкентай мүшелері де отыруы мүмкін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бүгін біз ұрпағымызға не үйретіп жатырмыз? Ертең олардың болашағы қандай болмақ? Сараптаманың қалай жасалатыны белгілі. Ал ас үстінде жолақты қолға ұстау тазалыққа жата ма?
Ертеде келін құрсақ көтерсе, алғашқы белгілерін енесі байқап, жерік асын даярлап, елдің тіл, сұғынан сақтау үшін кең етек көйлек кигізіп, өлім-жітім сияқты көпшілік жиналатын жерге жібермей, болашақ немересінің анасына қамқор болған. Шешесі мен енесінің өнегесін көріп өскен келіншек аяғы ауыр болса, әке, ағаларынан ұялып, сәби дүниеге келгенше төркініне аяқ баспаған. Ал қазір ше?
Жүкті әйел ультрадыбыстық зерттеу барысында дәрігерден баланың жынысын қағазға шығарып, конвертке салып беруін өтінеді. Ол қағазды екі жас кешті ұйымдастыру мәртебесіне лайықты досына, туысына немесе құрбысына беріп, соның көмегімен жақындары арасында әлі өмір есігін ашпаған перзентінің жынысын жариялайды. Қуанышты әрі күмәнді сәтті әлеуметтік желіге салып, қаралым мен лүпіл жинайды. Жиынға келгендер бөбекке арналған киімдер сыйлайды. Ал қазақ дәстүрінде бала аман-есен өмірге келмейінше оған алдын ала киім-кешек дайындамаған.
Ғаламторда елімізде той, мерекелерді ұйымдастыратын жекеменшік мекемелердің «Гендер патиге» арналған ең үздік идеялар» деген жарнамаларынан көз сүрінеді. Солардың бірінің қызметін саралап көрдік. Жалпы мейрамды түрлі форматта өткізуге болады. Оның дизайнына қарай бағасы да әртүрлі. Екі адам жауапты 2-3 сағатқа созылатын шараны ұйымдастыру 40 мың теңге тұрады. Оған түтін шығаратын екі құрылғы, көлемі 1,8х0,80 см баннерді жалға беру, оны құру және рәсімді өткізу қызметі кіреді. Мереке өтетін жерді үлкен шарлармен, арнайы баннермен безендіру – 30 мың теңге. Фото және бейне естеліктер жасағыңыз келсе, мобилографқа 50 мың теңге дайындайсыз. Аспанға көк немесе қызғылт түсті түтін шығаратын ұшақтың бір ұшып өткені – 200 мың теңге. Болашақ сәбидің жынысына қарай өзгеретін түтін шыққанын қаласаңыз, 35 мың теңге төлейсіз. Ал бірден шығатын түсті түтін 10 мың теңге болады. Жарқырап тұратын үлкен LED әріптер – 28 мың теңге, бір отшашу – 72 мың теңге. Мерекелік рәсімге өз тарапыңыздан өзгеріс енгізгіңіз келсе, қосымша ақы төлейсіз. Тағы бір ескеретін жайт, мейрам Алматы облысында өтетін болса, тапсырыс беруші жол шығынын өтейді. Ал егер басқа қалада болса, той иесі көліктің жанар-жағар майын, ұйымдастырушылардың тамағы мен жатын орнын өз мойнына алуы тиіс. Бұл тек агенттік тарапынан жасалатын қызметтің құны ғана.
Мобильді банк қосымшасында да трендке қажетті заттардың жарнамасы көптеп кездеседі. Мұндағы баға да әртүрлі. Өмірге келетін бөбектің кім екенін білдіретін баланың дауысы – 4-5 мың теңге. Мерекені ұйымдастыру 30-100 мың теңге аралығында. Пупс қуыршақ костюмдерін жалға алу: біреуі – 5 мың, екеуі – 10 мың. Аниматор 25-30 мың теңге аралығында. Дауыс беруге арналған аксессуарлар – 7 мың теңге. Шардың біреуі мың теңге. «Ұл ма? Қыз ба?» деген баннердің жеке өзі 10 мың болса, фотозона қосып жасатсаңыз, 60 мың теңге болады. Оған мереке өтетін орынды жалдау ақысын, шақырылған қонақтарға берілетін тағамдардың бағасын, қуаныш иелерінің мерекеге арнайы алынған киім-кешегі мен шаш үлгісі, бет әрлеудің бағасын, қатысушылардың жол пұлын қосыңыз. Шамасы жеткендер әртіс, әншілерді шақыруы мүмкін. Тегін емес, әрине. Мұны қаржылық шығын ретінде қарастырдық.
Аталмыш шараның ұлтымызға төндіріп тұрған қаупі басым. Батыстың өзінде журналистер мен ғалымдардың «Адамды жынысына қарай бөлу, бұл алалауға жатады» деген сынына ұшырағанымен, біздің қоғам әлдеқашан қоқысқа тасталған нәрсені талғамсыз пайдаланып келеді.
Желіде Астана, Алматы қалаларының ортасында «Гендер пати» өткізген танымал адамдардың бейнеүзінділері көптеп кездеседі. Отшашу, даңғаза музыка тұрғындардың мазасын алғанымен қоймай, сәбиі шетінеп кеткен немесе бір перзентке зар болып жүрген жандардың көңіліне қаяу түсіретіні ешкімнің қаперіне де кірмейді. Жарылған шар мен ауаға әдейі таратқан түтіннің қоршаған ортаны қаншалықты ластайтынын түсіну қиын емес. Instagram желісінде блогер Елдос Колобок пен Астананың бойтұмары «Бәйтеректің» жанында өткен жеке кәсіпкерлердің осы аттас тойы көп оқырман жинаған. Желі қолданушылардың пікірі сан түрлі. Бірі көптен күткен қуанышымен құттықтап мақтаса, екіншісі ер адамның сорасын ағызып, жылағанын айтып даттайды. Ал «Бәйтерек» монументі мемлекет тарапынан қорғалатын құнды орын бола тұра, ол жерде отбасылық мерекені өткізуге кім рұқсат берді деген сұрақ туады.
Айтпақшы, «Гендер пати» кезінде құрсақтағы нәресте қыз екенін білгенде, сол жерде ашуланып, әйелін тастап қашатын еркектердің де бейнесі тарады. Бұл Алланың жаратуына разы болмай, керісінше, қарсы шығу емес пе? Әрі қызды ұлдан төмен санайтын алалаушылық айқын көрінеді.
Пендені ұл бала немесе қыз баламен сүйіншілеу тек бір ғана Жаратушының қолында екені қасиетті Құранда жазылған. «Алла қалаған пендесіне қыз береді, қалаған пендесіне ұл береді. Қалаған пендесіне ұлды да, қызды да нәсіп етеді. Сондай-ақ қалаған пендесін бедеу қылады» («Шура» сүресі, 49-50 аят). Тіпті жүктіліктің қандай жауапты кезең екенін «Сонда оған (әйелге) жүктілігінің әр күні үшін күндіз ораза тұтқанның, түнде Аллаға құлшылық еткеннің сауабы жазылады» деп түсіндіреді. Қасиетті «Рағыд» сүресінің 8-аятында «Алла әрбір әйел жыныстың не көтергенін, құрсақтардың нені кемітіп, нені арттыратынын, нені түсіріп (яғни түсік тастап немесе ай-күні толмай босанатынын), нені мерзімінен асырып жіберетінін толық біледі. Оның құзырында барлық нәрсе өлшеулі» деп жазылыпты. Демек, сәбидің дүниеге қалай келетіні және қалай өмір сүретіні бір Аллаға аян. Рас, алдын ала қуанышын жаһанға жариялаған әйелдің түсік тастамауына, бөпенің ауру немесе өлі болып тумауына ешкім кепілдік бермейді.
Қазақстан мұсылмандары діни бас­­қармасындағы пәтуа бөлімінің маман­­­­дары «Шариғатта жоқ, дінде насихат­­талмаған істі жасау күнәға жол ашады. Сонымен қатар босқа шашы­­­лып, пайдасыз жиын өткізу ысы­рап болады. Ал еліктеу адамды көбіне адас­тырады» деген пікірде. Алла елшісі Мұхамед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде: «Ғайыптың (құпия заттың) кілті – бесеу. Оны Алладан басқа ешкім білмейді. Ертең не бола­тынын, әйелдің кімді босанатынын, жауын қашан жауатынын, кісі қай жерде өлеті­нін, қиямет қашан болатынын Алладан басқа ешкім білмейді», – деген екен. Осындай әбес әрекетке жол беру иманы­­мыздың әлсіреуі емес пе деген ой келеді.
Жалпы қазақ тойшыл халық деп мақтанамыз. Қоржынымызға тағы бір жаңа тойды қосып алдық. Содан біз не ұттық? Әр нәрсенің шегі болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 25 маусымда «Ана тілі» апталығына берген сұқбатында «Қазір «Тойың-тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бірін бірі асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» – деген болатын.
Шынында, қажетсіз мере­ке­лерге шашыла шығын шығару бос мақтан мен бәсекеге айналды. Жұрттан қал­маймын деп еліктеудің соңы ұлттық тамырымыздан ажырауға әкеп соқтырары сөзсіз. Жас ұрпақты отбасы, ата-ана емес, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Ал өзгенің істегенін жарыса қайталау немесе одан асырамын деп тыраштану тобырлық сана емей не? Осындайды көріп үлкендер неге «Тек!» демейді деп налимыз. Ересектер жастар тыңдамайды деген уәж айтады. Бұл ұлттық тәрбиенің жоқтығы емес пе?
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі, тарихшы, журналист, қоғам қайраткері Тұрар Сәттарқызы Facebook парақшасына «Аға буынның міндеті – өскелең ұрпақ бойында қазақы иммунитет қалып­тастыру. Ұрпағымыз адаспасын десек, өзгеге еліктеуді қоюымыз керек! Тик-токта ақыл айтар атасы мен апасынан бастап бала-шағасына дейін жеңіл әрі тез танымал болу жолына түсіп, «әлеужелінің жұлдызы» болуға кірісіп кетіпті. Рухани құндылық ұмытылып, материалдық құндылық алға шығып, қалай болғанда да ақша табу болып кетті бар ойымыз. Жасап жатқан өзге емес, өз қазағым! Баяғыда аяғы ауыр келіншегінің шермиген қарнын сипап суретке түссе, мынаның есі дұрыс емес дер еді. Бүгінде ерлеріміз ез болып бара ма, «гендер патиде» жылап, әйелінің қарнын сипап суретке түсіп жатқан жігіттерге қарап, не деріңді білмейді екенсің, тіпті» деп жазды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» демекші, түкке тұрғысыз тойларға шашылғанша, ұрпағымыздың білім алуына, өнер үйренуіне, кәсіп меңгеруіне инвестиция салғанымыз әлдеқайда ұтымды.

Елгүл НҰҒЫМАН,
журналист