Перейти к содержимому
Главная страница » ІЛЕ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫНА 100 МЫҢ КОНТЕЙНЕР ӨҢДЕЙТІН ЖАҢА МУЛЬТИМОДАЛЬДЫ ТЕРМИНАЛ АШЫЛДЫ

ІЛЕ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫНА 100 МЫҢ КОНТЕЙНЕР ӨҢДЕЙТІН ЖАҢА МУЛЬТИМОДАЛЬДЫ ТЕРМИНАЛ АШЫЛДЫ

Алматы облысының Іле ауданында Kusto Group компаниясының ірі инфрақұрылымдық жобасы – Kusto Logistics Terminal мультимодальды контейнерлік терминалы техникалық іске қосылды. Жаңа кешеннің жобалық қуаттылығы жылына 100 мың TEU-ды құрайды.

Терминалдың ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі акционері Қанат Көпбаев, Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов, жобаны жүзеге асыруға қатысқан компаниялардың өкілдері мен мамандар қатысты.

Іс-шара барысында жаңа логистикалық кешен таныстырылып, терминалдың негізгі технологиялық аймақтары көрсетілді. Салтанатты рәсімнің басты сәті – терминалды техникалық іске қосу және алғашқы контейнерлік пойызды жөнелту болды.

Жаңа нысан Іле ауданының ғана емес, жалпы Алматы агломерациясының көлік-логистикалық инфрақұрылымы үшін маңызды жоба саналады. Кешен теміржол, контейнерлік, қоймалық, автомобиль және агроөнеркәсіптік логистиканы бір алаңда біріктіреді.

26,5 гектардан астам аумақта орналасқан терминалда 4,5 шақырым теміржол желісі мен 10 теміржол жолы салынған. Мұнда бір мезетте 31 вагонға дейінгі құрамдарды қабылдауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ 12 мың шаршы метрлік контейнерлік алаң, кедендік режимдегі қоймалар, жүк рампалары, кросс-докинг аймақтары, жедел басқару орталығы және қажетті инженерлік инфрақұрылым қарастырылған.

Жүк көтергіштігі 45 тонна болатын заманауи кран сағатына 25 контейнерге дейін өңдей алады. Контейнерлік алаңда бір мезетте 3 200 TEU-ға дейін жүк сақтауға мүмкіндік бар.

Терминалдың жобалық қуаттылығы – жылына 100 мың TEU. Кешен тәулігіне үш контейнерлік пойызға дейін қабылдап, айына 111,6 мың тоннаға дейін жүк өңдеуге есептелген.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – агроөнеркәсіптік кластер. Оның жалпы сақтау сыйымдылығы 14 мың тоннаны құрайды. Мұнда әрқайсысы 3 500 тоннадан төрт силос орналасқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау қуаттылығы сағатына 200 тоннаға дейін жетеді.

Терминалдың орналасуы да стратегиялық маңызға ие. Ол Алматы көлік торабының негізгі бағыттарының қиылысында орналасып, Қытай шекарасындағы Достық және Алтынкөл бағыттарына, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттарына шығуға мүмкіндік береді.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа терминалдың іске қосылуы өңірдің инвестициялық және логистикалық әлеуетін арттыруға серпін беретінін атап өтті.

«Алматы облысы – еліміздің маңызды көлік-логистикалық аймақтарының бірі. Осындай заманауи инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл – жүк тасымалын дамытуға, бизнестің мүмкіндігін кеңейтуге және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам», – деді облыс әкімі.

Жобаның бас мердігері – халықаралық Coteccons құрылыс тобының қазақстандық бөлімшесі Coteccons KZ. Нысан EPC моделі бойынша жүзеге асырылып, жобалау, жабдықтау, құрылыс және инженерлік жүйелерді біріктіру жұмыстары бір кешенде жүргізілді.

Kusto Logistics Terminal-дың іске қосылуы Іле ауданындағы ірі инвестициялық жобалардың қатарын толықтырып отыр. Жаңа кешен жүк ағындарын шоғырландыру мен өңдеу мүмкіндігін кеңейтіп, Алматы облысының елдегі негізгі көлік-логистикалық хабтардың бірі ретіндегі рөлін күшейтпек.

Анықтама: Kusto Logistics Terminal операторы – «Платформа Плюс» ЖШС. Компания Kusto Group халықаралық холдингінің логистикалық дивизионы – Kusto Logistics Management құрамына кіреді.