Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы күнделікті өмірді жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің де көбеюіне себеп болып отыр. Қаскөйлер түрлі айла-тәсілдерді қолданып, азаматтардың жеке деректері мен ақшасын иемденуге тырысады. Сондықтан киберқауіпсіздік талаптарын сақтау – әрбір интернет қолданушысының басты міндеті.
Қазіргі таңда алаяқтар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе байланыс операторы ретінде таныстырып, телефон арқылы құпия мәліметтерді сұрауы мүмкін. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған акциялар, инвестициялық жобалар мен қаржы пирамидаларын жарнамалап, оңай табыс табуға шақыратын хабарламалар жиі кездеседі. Мұндай ұсыныстарға сеніп, жеке мәліметтеріңізді немесе банк картасының деректерін беруге болмайды.
Өзіңіздің қаржылық қауіпсіздігіңізді сақтау үшін күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу, күрделі құпиясөз қолдану және екі факторлы қорғаныс жүйесін қосу маңызды. Егер өзіңізді алаяқтардың арбауына түстім деп күдіктенсеңіз, банкке дереу хабарласып, картаны бұғаттап, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.
Интернет кеңістігіндегі қауіптен қорғанудың ең тиімді жолы – сақтық пен ақпараттық сауаттылық. Әрбір азамат қауіпсіздік ережелерін сақтап, күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қараса, интернет-алаяқтардың құрбаны болу қаупін айтарлықтай төмендетуге болады.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

