Биыл Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын көкпаршылар сайысқа сақадай дайын. Олар Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромында шынығып, ат баптаған. Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ипподромға арнайы барып, алдағы дүниежүзілік додаға қатысатын спортшылармен жүздесіп, сәттілік тіледі.

Бүгінде өңірде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Соңғы төрт жылда бірінші нөмірдегі спортшылар саны 150-ден 837-ге өсті. Жақын күндері басталатын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының сапында облыстың 14 спортшысы бар. Оның бесеуі көкпар спорты бойынша сынға түседі. Сондай-ақ бәйгеге қатысатын тоғыз шабандоз бен тұлпарлар Алматы облысынан жасақталған.
Көкпаршылармен кездескен аймақ басшысы олардың сапарына сәттілік тілеп, елге жүлдемен оралуына сенім білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуында көшпенділердің бірегей мәдениеті мен құндылықтарын сақтап, осы баға жетпес мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу ортақ міндет екенін атап өткен болатын.
Ұлттық спортты дамыту – атадан балаға жалғасқан дәстүрді сақтап, оны жаңа буынға жеткізудің бір жолы. Бұл додада сіздерге елдің артып отырған сенімі зор. Ат үстінде бабадан қалған өнерді жалғастырып, көкпардың абыройын асқақтатып жүргендеріңіз – өз алдына үлкен мәртебе. Сіздердің жеңістеріңіз – барша қазақстандықтардың қуанышы. Еліміздің Көк байрағын биікте желбіретіп, елге жақсы жаңалықпен ораласыздар деп сенемін, – деді Марат Елеусізұлы.
Облыс әкімі сондай-ақ «Көкбастау» ипподромын аралап көріп, оны әрі қарай дамыту жобасымен танысты. Жоспарға сәйкес, «Көкбастау» ұлттық ойындарды, оның ішінде ат спортын дамытуға, ауқымды жарыстар өткізуге және тұрғындардың сапалы демалысына арналған заманауи спорттық-мәдени кешенге айналады. Алдағы уақытта ат сайысына қажет кең шеңберлі алаң, көрерменге арналған орын, төрешілер аймағы, заманауи ат қоралар мен аттарды дайындау, күтіп-бағуға арналған қосалқы нысандар салынбақ. Сондай-ақ жаттығу алаңдары, демалыс орындары, жаяу жүргіншілер жолы, автотұрақ та қарастырылған.
Марат Елеусізұлы инвесторлармен бірлесіп, ең алдымен турист тартуға қажетті барлық инфрақұрылымды жасауды тапсырды. Нысанның Алматы қаласына жақын орналасқанын әрі табиғатының өте қолайлы екенін атап өтіп, бұл аумақты спорт пен туризмді тоғыстырған орталыққа айналдыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы кешен аумағында жастар мен балаларға арналған арнайы мектеп ашу идеясын ұсынды.
– «Көкбастау» қазірдің өзінде ұлттық спортты дамытуға арналған жақсы орталыққа айналған. Енді соны ары қарай жүйелі түрде жетілдіру қажет. Нысанның орналасқан жері де өте ыңғайлы, табиғаты да тамаша. Ең алдымен инфрақұрылымды дамытып, қонақтарға жайлы жағдай туғызу керек. Соның арқасында туристер саны да артады әрі ұлттық ойындарымызды кеңінен насихаттаймыз, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Биылғы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз-6 қыркүйек аралығында Қырғызстан Республикасында өтеді. Ойынның ашылу салтанаты Бішкек қаласында, ал негізгі спорттық жарыстар Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласы мен Қырчын шатқалы аумағында ұйымдастырылады. Жарыс бағдарламасына дәстүрлі күрес түрлері, ат спорты, садақ ату, ұлттық және зияткерлік ойындар енгізілген. Атап айтқанда, көк бөрү, эр эңиш, дәстүрлі садақ ату, ат үстінде садақ ату, тоғызқұмалақ, ордо, ат жарыстары, бүркітшілік және құсбегілік бағытындағы бәсекелер, сондай-ақ ұлттық күрестің бірнеше түрі бойынша сайыстар өткізіледі. Бұл жоба көшпелі өркениеттің тарихи мұрасын әлемге әйгілеп, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дүйім жұртқа танытуға ықпал етеді. Ал 2024 жылы Астана қаласында болған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2 430 спортшы қатысқан. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді. Бұл жолы да еліміз жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін үстем етеді деген ойдамыз.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Жамбыл ауданы