Соңғы жылдары облыс аумағындағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал алаңдаушылық туғызуда. Тамақтан улану деректерінің көбеюі мен қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық талаптардың сақталмауы халық денсаулығына елеулі қауіп төндіруде. Аталған мәселелердің алдын алу, санитарлық талаптардың сақталуы және кәсіпкерлердің жауапкершілігі туралы Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Исмаилов Марат Әділжанұлымен сұхбаттасып, өзекті сауалдарға жауап алдық.
– Марат Әділжанұлы, өзіңіз білесіз, қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану саласындағы санитариялық қауіпсіздік тақырыбы өте өзекті. Осы орайда, өңіріміздегі тағамнан улану жағдайына қатысты ахуал қандай?
– Өкінішке қарай, соңғы жылдардағы статистика санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мұндай төтенше жағдайларға әрдайым дайын болуын талап етеді. Тек соңғы үш жылда облыс аумағында тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының 8 топтық жағдайы тіркелді. Соның салдарынан 343 адам зардап шекті. Оның ішінде 140-ы – балалар. Жүргізілген талдау қорытындылары мен бақылау нәтижелеріне сүйенсек, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының иелері жылдан-жылға өрескел әрі бірдей жүйелі заңбұзушылықтарға жол беріп отыр. Ал сондай салғырттық танытудың салдары тұтынушылардың улануына әкеп соғуда.
– Қоғамдық тамақтану саласында заң шеңберіне сай жұмыс істегісі келетін кәсіпкер, ең алдымен қандай талаптарды орындауы тиіс? Тамақтану орындарын ашуға арнайы рұқсат қажет пе?
– Әрине. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қоғамдық тамақтану нысандары эпидемиялық маңыздылығына қарай екі санатқа бөлінеді. Біріншісі, егер мекемеде 50 орыннан артық болса, ол эпидемиялық маңызы жоғары нысан болып саналады және қызметін бастамас бұрын міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы қажет. Ал екінші жағдайда, яғни 50 орынға дейінгі, соның ішінде тек тағам жеткізу қызметін жүзеге асыратын нысандар эпидемиялық маңызы төмен санатқа жатады. Олар қызметін бастау туралы хабарлама беруге міндетті. Қазіргі таңда бұл рәсімдердің барлығы «Е-лицензиялау» порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады. Тиісті құжаттарсыз жұмыс істеу заң талаптарына қайшы.
– Бүгінгі күні фастфуд өнімдеріне, оның ішінде бургер, суши, ролл тағамдарына сұраныс өте жоғары. Тексеру барысында, әсіресе фастфуд орындары мен суши-барларда қандай заңбұзушылықтар жиі анықталады?
– Ең жиі кездесетін мәселе – өндірістік үдерістің дұрыс ұйымдастырылмауы. Яғни шикізат пен дайын өнімнің қозғалыс реті сақталмайды, өндірістік аймақтар бөлінбейді. Көптеген нысандарда бір ғана бөлмеде шикі ет өңделіп, сол жерде дайын тағамдар, суши, ролл және пицца әзірленеді. Бұл тағамдардың микробтық ластану қаупін арттырады. Сонымен қатар бір раковинаның өзінде ыдыс-аяқтар, көгөністер, шикі құс еті жуылып, қызметкерлердің қол жууына да пайдаланылатыны анықталады. Кейбір кәсіпкерлер азық-түлік өнімдерін еденде сақтайды, ал тоңазытқыштарда температуралық режимді бақылауға арналған термометрлер болмайды. Демек, осындай жағдайларда улану деректері көбейіп, халық денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруге әкеп соғады.
– Жасыратыны жоқ, халық арасында тағам жеткізу қызметі де сұранысқа ие. Осы ретте суши мен роллдарды тасымалдау талаптары қандай?
— Суши мен ролл – санитариялық тұрғыдан қауіптілігі жоғары тағам өнімдері. Олар +2°С пен +6°С аралығындағы температурада сақталуы тиіс. Бөлме температурасында мұндай өнімдерді екі сағаттан, ал ыстық ауа температурасында бір сағаттан артық ұстауға болмайды. Тағам арнайы таза термосөмкелермен жеткізіліп, олар күн сайын міндетті түрде дезинфекциялануы қажет. Әрбір қаптамада өнімнің дайындалған уақыты мен жарамдылық мерзімі көрсетілген таңбалау болуы тиіс.
Тағы бір маңызды талап – бөлме температурасында ұзақ тұрған өнімді қайта салқындату, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтінін есте сақтаңыз! Себебі бұл уақытта тағамда бактериялар бөлетін қауіпті токсиндер түзілуі мүмкін. Сондай-ақ тағам жеткізуші қызметкердің медициналық кітапшасы болуы міндетті. Бұл тамақтан улану деректерінің қаупін төмендетеді.
– Марат Әділжанұлы, тағамнан улану жағдайларында адам факторының үлесі қандай? Бұл ретте қызметкерлердің денсаулығына бақылау қалай жүргізіледі?
– Өте орынды сұрақ екен. Адам факторының рөлі өте жоғары. Біз зерттеген тағамнан улану ошақтарында жұмыс істеген қызметкерлердің ешқайсысында жұмысқа жіберілгенін растайтын жарамды медициналық кітапша болмаған.
Зертханалық талдау нәтижесінде кейбір қызметкерлерден тағамнан уланудың негізгі қоздырғыштарының бірі саналатын алтын түсті стафилококк анықталды. Бұл – қоғамдық тамақтану орындары басшылығы тарапынан қызметкерлердің денсаулығына тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Қызметкерлер инфекцияның негізгі көзі болмауы үшін, олардан жұмысқа орналпас бұрын басшылық тарапынан денсаулығына байланысты медициналық кітапшаның талап етілуі шарт.
– Медициналық кітапшалардың қолдан жасалуы немесе медициналық тексеруден өтпей рәсімделуі де кездеседі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Мұндай жағдайлармен қалай күресуге болады?
– Осындай заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызметте «Е-СЭН» ақпараттық жүйесі енгізілді. Қазір жұмыс берушілер мен мемлекеттік инспекторлар қызметкердің медициналық кітапшасының түпнұсқалығын оның ЖСН-і арқылы жедел тексере алады. Қоғамдық тамақтану саласының қызметкерлері бактериологиялық зертханалық тексеруден әр 6 ай сайын, ал флюорографиялық тексеруден жылына 1 рет өтуге міндетті.
– Санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың міндеті ме, әлде кәсіпкерлер де жауапты ма?
– Санитариялық қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Әрбір кәсіпкер өндірістік бақылау бағдарламасын жүргізуге міндетті. Оның аясында су сынамалары, шайындылар және дайын өнім үлгілері тұрақты түрде зертханалық зерттеуден өткізіледі. Зерттеу нәтижелері әр алты ай сайын «Е-СЭН» ақпараттық жүйесіне енгізілуі тиіс. Егер мұндай есептер ұсынылмаса, бұл кәсіпорында өндірістік бақылау жүргізілмегенін білдіреді және мемлекеттік бақылау шараларын тағайындауға негіз болады.
– Бұл талаптарды сақтамаған кәсіп иелеріне қандай жауапкершілік көзделген? Заңнамаға сәйкес, түсіндіріп өтсеңіз.
– Жауапкершілік шаралары өте қатаң. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, санитариялық талаптарды бұзғаны үшін ірі көлемде айыппұл көзделген. Өрескел заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, сот шешімімен нысанның қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін. Ал ең ауыр жауапкершілік – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабында қарастырылған. Егер санитариялық талаптарды бұзу салдарынан адамдар жаппай улану немесе адам өліміне әкеп соқса, кінәлі тұлғалар бас бостандығынан айырылуы мүмкін:Біріншіден, Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттерді бұзу, егер ол адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаса, жеке тұлғаларға – 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 160 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 210 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1600 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады;Екіншіден, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекет (әрекетсіздік) адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан, бірақ қылмыстық жазалау іс-әрекеті белгілері болмаған жағдайда, жеке тұлғаларға – 200 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 460 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 620 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, қызметті тоқтата тұру немесе тоқтатпау, өнімді тәркілеу немесе тәркілемеу шаралары қолданылуы да мүмкін. Мұндағы біздің мақсатымыз – жазалау емес, кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеп, азаматтарымыз үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Сондықтан облыс аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарының иелері осы сұхбатта айтылған заң талаптарын сақтай отырып, уланудың алдын алу жағдайларына баса назар аударса, тұтынушылардың да улану қаупі төмендей түспек. Ата Заңымызда айқындалғандай, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі. Сондықтан халық денсаулығы Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басты назарында. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Алтынай СЕЙІТКЕН

