Қоғамда әр азамат өзінің құқығын білгені маңызды. Бірақ құқықты білу ғана жеткіліксіз. Әрбір құқықтың артында белгілі бір міндет пен жауапкершілік бар. Сондықтан құқық пен міндетті бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
Конституция азаматтарға кең көлемде құқықтар мен бостандықтар береді. Сонымен бірге Қазақстан азаматтарының Конституция мен заңдарды сақтауы, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі, салықтарды төлеуі сияқты міндеттері белгіленген.
Мысалы, әр азаматтың тыныш өмір сүруге құқығы бар. Бірақ сол тыныштықты өзге адамдардың да пайдалануына мүмкіндік беру үшін қоғамдық тәртіпті сақтау қажет. Адамның өз мүлкіне ие болуға құқығы бар болса, басқа адамның мүлкіне қол сұқпау – оның міндеті.
Бұл қарапайым қағидалар күнделікті өмірде үлкен мәнге ие. Жолда жүру ережесін сақтау, қоғамдық орындарды таза ұстау, көршілердің тыныштығын бұзбау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау – азаматтық жауапкершіліктің нақты көріністері.
Құқықтық мәдениет адамның тек өз құқығын талап етуінен емес, өз міндетін адал орындауынан да көрінеді. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – онда белгіленген құқықтарды пайдаланумен қатар, азаматтық міндеттерді орындауды да білдіреді.
Әр адам өз құқығы мен міндетін жақсы түсінгенде ғана қоғамда өзара құрмет, тәртіп пен жауапкершілік орнығады.
Санат ӘЛІМБАЕВ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның
Кеген аудандық филиалының қызметкері
